Жыл сайын «Жасыбай» спорт кешенінде өткізіліп жүрген «Екібастұз барысы» іріктеу турнирі бұл жолы жаңарған «Шахтер» саябағында ұйымдастырылды. Бұл өзгешеліктің біршама артықшылығы болғанын бірден айта кету ләзім. Жарыс кешқұрым басталғандықтан, күндізгі ыстықтың беті қайтып, тіптен біраздан соң палуандар қоңырсалқында күресіп, олар үшін де, бозкілемді қаумалай жайғасқан көрермен үшін де жайлы мезгіл туды. Көрермен демекші, уақыт өте келе олардың саны көбейіп, саябақта серуендеп жүрген үлкен-кіші де күресті тамашалауға мойын бұрды.
Турнирдің ашылу рәсімінде палуандар сахнада сап түзеп, Әнұран ойналып, әншілер Қуандық Кенжебек, Жомарт Қабыкенов, Жанболат Илеубаев ән шырқап, қазақ күресінің сайыпқырандарына жігер берді.
Белдесулер жылдағы дәстүрмен әуелі 74, 82, 90, 100 кило салмақ дәрежелерінде өтіп, соңында кілемге түйе палуандар шықты. Осы салмақтар ішінде ең тартысты белдесулер 74 кило салмақ палуандары арасында болды. Әсіресе, жарыс көрігін жас палуандар қыздырып, Ералы Исмагулов Максим Ивановты, Ілияс Шәкар Қуаныш Әнуарбекті тазы ұтты. Белдесулер осылайша жалғасын тауып, жартылай финалда Ералы мен Ілияс кездесіп, Ералы әуелі жартылай жеңіс ұпайына қол жеткізіп, содан соң жеңісті жұлып алды. Екінші жартылай финалда Ислам Мәкенов жеңіске жетіп, финалда Ералы Исмагуловпен жолықты. Екі палуан бір-біріне алдырмай, бозкілем үстінде ұзақ ырғасқанымен, оңтайлы сәтте әдіс жасап үлгерген Ислам жамбас ұпайын иеленіп, жеңімпаз атанды.
82 кило салмақ дәрежесінде Әділ Омар, 90 кило салмақта Теміртас Файзолла, 100 кило салмақта Солдат Ерікбол қарсылас шақ келтірмей жеңіс тұғырына көтерілді.
Қазақ күресінің тарихында өшпес із қалдырған Балуан Шолақ, Қажымұқан аталарымыздың бүгінгі ізбасарлары түйе палуандар белдесулерінде бір-біріне жеңісті оңайлықпен бермей арпалысып бақты. Әділ Омар мен Әлібек Махамбетов арасындағы күрес негізгі уақытта тең аяқталып, қоян-қолтық белдесуде Әділдің жолы болды. Дәл осындай жағдай Мәди Қайырбек пен Әділжан Жастілеков күресінде де қайталанып, белдесуде Әділжан басымдық танытты.
Бозкілемге әйгілі палуан Арман Махамбетов шыққан сәтте көрермен дүр сілкінді. Әйтсе де, оның қарсыласы Солдат Ерікбол да осал емес екен. Алғашқы жамбас ұпайын Солдат иеленіп таңқалдырды. Дегенмен Арман есепті теңестіріп, мол тәжірибесі арқасында уақыт таусылуға тақағанда жеңісті жұлып алды.
Арманның бауыры Ислам Махамбетов өз белдесуінде Әділжан Жастілековті жеңіл ұтты. Бірінші жартылай финалда Арман Махамбетов пен Теміртас Файзолланың жолы түйісті. Сақа палуан мен жас палуан арасындағы күрес негізгі уақытта жеңімпазды анықтамады. Белдесуде Арман Махамбетов айласын асырды. Әйтсе де, көрермен ретінде байқағанымыз, жасы отызды орталаған Арман бұрынғыдай емес, шау тартқан сияқты көрінді.
Екінші жартылай финалда Ислам Махамбетовтың жолы болды. Ол қарсыласы Әділ Омарды ескерту нәтижесінде жеңді. Қазақ күресінің ережесіне сәйкес, палуандар негізгі уақытта тең түссе, ескерту алған палуан жеңіледі.
Іріктеу турнирін төрт сағатқа жуық тапжылмай тамашалаған қауым финалда тартысты белдесу күткен еді. Бірақ олай болмады. Ағайынды Махамбетовтар кілемге шығар-шықпаста Арман жаттығуда жүргендей-ақ әдісті жеңіл жасап, бауыры Исламның жауырынын жерге тигізді. Қазақ дәстүрінде інісі ағасымен жаға жыртыспайды емес пе. Осы ұғымды қаперге алсақ. Арман мен Исламның шын күреспегенін түсінуге болар…
Осылайша «Екібастұз барысы» атанған Арман Махамбетовке жеңімпаз белдігі мен диплом, 150 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. «Екібастұз арланы» – Ислам Махамбетов пен «Екібастұз сұңқары» – Теміртас Файзолла да дипломдар мен сертификаттар иеленді. Жекелей салмақтарда жеңімпаз, жүлдегер болған палуандар да құралақан қалған жоқ.
Қазақ күресінің қыр-сырына қанық қауым жақсы біледі, енді алдағы уақытта облыстық іріктеу күтіп тұр. Онда Екібастұздың намысын Арман Махамбетов қорғайтын болады. Ендеше, палуанға сәттілік тілейміз.
Өз тарапымыздан қосарымыз, кейінгі толқын палуандарға әлі де ширау керек. Мықтының мысы баспайтындай рух, айласы аспайтындай бап болса, кәнекей! Жас палуандар сақа палуандардың көлеңкесінде жүре берсе, Екібастұздағы қазақ күресі қалайша өрге басады?
Ж.Жәлелұлы











