Құтырма — орталық жүйке жүйесін зақымдайтын, емделмесе өлімге апарып соқтыратын аса қауіпті вирустық жұқпалы ауру. Ол жануарлардың тістеуі, тырнауы немесе сілекейінің зақымдалған теріге тиюі арқылы жұғады.
Аурудың белгілері: дене қызуының көтерілуі және әлсіздік. Тістеген жер қайта сыздап ауыруы мүмкін. Кейінірек судан, жарықтан және шудан қорқу (құрысулар) пайда болады. Сонымен қатар мазасыздық, сандырақ және бойын қорқыныш сезімі билейді.
– Жануарлар тістегенде не істеу керек? Ең алдымен жарақат алған жерді дереу сабынды сумен (кір сабын) жақсылап жуу қажет. Жараның айналасын йод немесе спиртпен өңдеу керек болады. Содан кейін дереу травматологиялық пунктке барып, құтырмаға қарсы антирабиялық екпе (вакцина) алу қажет. Тағы бір ескеретін жай, адамның алған жарақаты неғұрлым басына жақын болса, вирус миға тезірек жетеді, – деп түсіндірді Екібастұз қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім меңгерушісі Бақыт Бекпаева.
Екібастұз өңірінде жыл басынан бері жануарлар (ит, мысық, қарсақ, тиін, т.б.) тістеген 250 адам медициналық көмекке жүгінген. Бұл былтырғы жылдың салыстырмалы кезеңіне қарағанда 19,3 пайызға артық. Әсіресе қараусыз ит-мысықтан зардап шеккендер саны көбейген. Медициналық көмекке келгендердің бәрі екпе алған.
Егер қорадағы малдың аузынан сілекей ағып, судан қорықса, аулаға түлкі, қарсақ секілді жабайы жануарлар кірсе, малдың мінез-құлқы өзгерсе, оларға жақындамай, ветеринарлық қызметке хабарласқан дұрыс.
Қазіргі кезде бұрынғыдай «ішке 40 укол» салмайды. Вакцинаны иық бұлшықетіне егеді. Стандартты курс: жануар тістеген күннен бастап 0 (яғни медициналық көмекке жүгінген күні), 3, 7, 14, 30 және 90-шы күндері (барлығы 6 инъекция) салынады.
Егер жарақат салған жануардың иесін білетін болсаңыз (өзіңіздің не көршіңіздің иті қауып алған болса), мұны дәрігерге міндетті түрде айту керек. Вакцина алумен қатар әлгі жануар да бақылауға алынады. Тістеген үй жануары (ит не мысық) 10 күн ішінде өлмей, сау жүрсе, дәрігердің рұқсатымен екпе курсын 3-ші уколдан кейін (симптоматика байқалмаса) тоқтатуға болады.
Вакцина алған кезде арнайы шектеулер болады және бұл талаптарды сақтау екпенің жақсы әсер етуіне кепіл болмақ. Бұл шектеулерді 6 ай бойы сақтау керек (жануар сау болғанда дәрігердің рұқсатына қарай). Сонымен курс біткен соң алты ай бойы ішімдік ішуге мүлде болмайды. Тіпті кейбір дәрі-дәрмектерді де тоқтатуға тура келеді. Алкоголь вакцинаны бейтараптандыруы мүмкін. Ыстық монша, ыстық ваннаға түспеу керек. Бассейндер мен ашық суқоймаларда шомылуға тыйым салынады. Ағзаға ауыр физикалық күш түсіретін спорт, т.б. айналысуға болмайды. Күн көзінде ұзақ жүрмеген дұрыс.
Екпе салынған жерді алғашқы күндері ысқылап жууға болмайды. Стресстен сақтанып, татымды тамақтанған жөн.
Вацина туралы сұрағымызға Бақыт Телеубайқызы былай деп жауап берді:
– Антирабиялық иммуноглобулин ағзаға енген бойда иммундық жүйе өлі вирусты «жау» ретінде танып, оған қарсы арнайы қорғаныс ақуыздарын — антиденелерді өндіре бастайды. Егер тістеген жануардан нағыз тірі құтырма вирусы жұққан болса, бұл антиденелер адамның жүйке жүйесіне жетіп, зақымдауына жол бермей, бірден жойып жібереді.
Құтырма ауруы туралы әдетте «бұл аурудан ем жоқ» дегенді жиі естиміз. Неге бұлай? Себебі құтырма вирусы жасырынып жылжиды. Әдетте ағзаға түскен тұмау не басқа вирустар қанға өтеді. Иммундық жасушалар оны бірден байқап, оған қарсы антиденелер шығара бастайды. Ал құтырма вирусы қанға өтпей, жүйке талшықтарының ішіне кіріп алады. Себебі олардың көздегені – ми. Жүйке жүйесі ағзаның сыртқы қорғаныс жасушалары сирек кіретін оқтауланған аймақ саналады. Вирус жүйке түтікшелерінің ішіне кіріп, біртіндеп, жасырын жылжиды. Сондықтан адамның иммундық жүйесі вирусты дер кезінде көрмей қалады. Ал көрген кезде бәрі кеш болады. Мамандар құтырманың симптомдары қай кезде пайда болатынын да басып айта алмайды. Ал симптом, яғни аурудың нақты белгілері пайда болғанда ми қайтымсыз зақымдалып үлгереді. Иммундық жүйе сол кезде ғана «аттан» сала бастайды. Бірақ бұл кезде ми арқылы маңызды ағзалар жұмысы бұзылады.
Осы кезде екпенің көмегі зор. Оны неғұрлым ерте алса, қорғаныш жүйесі соғұрлым тезірек түзіледі. Яғни екпе миға сигнал жетпей тұрып, 2 апта ішінде мықты антиденелер түзіп, иммундық жүйені құтырма вирусына қарсы бағыттайды.
Ескеретін жай, жануар тістеген не тырнаған сәтте жараның көлемі маңызды емес. Вирус жұқтыру үшін жарақаттанған денеге сілекей тиюінің өзі жеткілікті. «Ертең барамын» немесе «Ауру белгісі білінсе барармын» деу өлімге бас тігумен бірдей. Неғұрлым тезірек көрінген дұрыс. Себебі ауру белгісі басталып кеткен соң адамды ешқандай екпе, тіпті ең мықты дәрігер де құтқара алмайды.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ








