Мемлекеттің «Оңтүстіктен – солтүстікке» ерікті қоныс аудару бағдарламасы еңбек күші артық өңірлерден маман тапшылығы бар аймақтарға көшуге мүмкіндік береді. Көптеген отбасы үшін бұл жоба жаңа өмір бастауға берілген мүмкіндікке айналып отыр.
Осындай мүмкіндікті пайдаланған отбасылардың бірі – Махамбет Башардың жанұясы. Олар 2025 жылы Түркістан облысынан Ақкөл ауылына қоныс аударған.
Бүгінде Махамбет Темірханұлы жергілікті мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Оның бұл өңірге деген қызығушылығы көшіп келмей тұрып-ақ басталған екен.
– Ақкөл туралы алғаш рет таныстарымнан естідім. Кейін интернеттен жаңалықтарды, бейнероликтерді қарап, ауыл туралы ақпарат іздей бастадым. Мені оның көрікті әрі жайлы екені ерекше таңғалдырды. Балалар алаңдары, абаттандырылған үйлер, ауылға кіреберістегі стела – барлығы тазалық пен тәртіпті, жақсы жағдайды көрсетіп тұрды. Ақкөлге алғаш келгенге дейін-ақ бұл ауылға көңілім ауып үлгерді, – дейді ол.
Отбасы қоныс аударуға алдын ала тыңғылықты дайындалған. Оның айтуынша, бағдарлама талаптарын түсіну қиын болмаған. Қажетті ақпаратты egov.kz және enbek.kz сайттарынан қарап, талаптарды зерттеп, өтінімді онлайн түрде берген. Өтінімі мақұлданғаннан кейін отбасыға Мансап орталығы мамандары көмектесіп, қоныс аударушыларды барлық кезеңде сүйемелдеген.
Мемлекеттік бағдарлама аясында бірнеше қолдау шарасы қарастырылған. Отбасының әр мүшесіне көшуге байланысты біржолғы төлем беріледі, тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызмет шығындары өтеледі. Сонымен қатар экономикалық мобильділік сертификаты ұсынылады. Бұл қаражатты тұрғын үй сатып алуға немесе салуға пайдалануға да болады. Отбасы үшін көрсетілген қолдау жаңа ортаға бейімделуге үлкен көмек болды.
– Бізге барлық жағдайы жасалған жақсы үй берілді. Көшіп келгеннен кейін жұбайым екеуміз мектепке жұмысқа орналастық. Осылайша ауыл өміріне, жаңа ортаға тезірек үйреністік. Әсіресе ауыл тұрғындарының адамгершілігі мен ықыласына риза болдым, – дейді ол.
Махамбет жұбайымен бірге алты бала тәрбиелеп отыр. Көшу туралы шешім қабылданған кезде оның жары бұл бастамаға толық қолдау көрсетіпті. Өткенге ой жібере отырып, отбасы көшу туралы шешімдерінің дұрыстығына көз жеткізді. Бүгінде үлкен қызы Шымкент қаласында білім алып жатыр. Қалған балалары ата-анасымен бірге Ақкөлде тұрып, күн сайын анасы мен әкесі жұмыс істейтін мектепке барады.
Оның айтуынша, отбасы көршілерімен тез араласып, мектеп ұжымынан да үлкен қолдау көрген. Бөтен ортада жүргендей сезім алғашқы күндерден-ақ жоғалған. Ауыл жақсы қарсы алыпты. Көршілермен тез араласып кетіпті. Жас отбасыны мектеп ұжымы да жатсынбапты.
Мал ұстау – ауылдық жерде үлкен көмек. Махамбет ауыл өмірі ұнайтынын айтады. Мектептегі жұмысынан соң даладағы шаруасымен айналысады. Мал жайлауға балалары да көмектеседі.
Отбасының ауыл өміріне тез бейімделгенін Ақкөл ауылының әкімі Ерлан Қабылтаев та атап өтті.
– Махамбеттің отбасы бізге туғандай болып кетті. Олар ауыл өміріне тез араласты, белсенді еңбек етіп, бала тәрбиесіне көңіл бөліп, қоғамдық жұмыстарға қатысып жүр. Мұнда жаңа тұрғындар мен білікті мамандарға әрдайым орын бар. Біз өз тарапымыздан жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасауға тырысамыз, – дейді ауыл әкімі.
Махамбет те Ақкөлде адамдар арасындағы сыйластық пен өзара көмектің ерекше екенін айтады.
Бүгінде Башар отбасының ауласынан балалардың шат күлкісі естіледі. Үлкен дастархан басында кешке достары мен көршілері жиналады. Ақкөл олар үшін енді картадағы жай ғана жаңа мекен емес, өздерін танып, бағалайтын, әрдайым құшағын ашатын шынайы шаңыраққа айналды.
Г.ҚУАТҚЫЗЫ









