Тосын мінез танытқан табиғат құдайкөлдіктердің үрейін ұшырып, біраз дүние-мүлікті бүлдіргенін газетіміздің өткен нөмірінде жазған едік. Сойқан дауылдан кейінгі жағдайды көзбен көріп, көңілде бағамдау үшін 24 шілде күні Құдайкөл ауылына бардық. Елді мекеннің ұсқыны кетіп қалған екен. Әсіресе, шиферін жел ұшырып, шатыры шұрқ-шұрқ болған үйлер көп. Абыржып қалған жұрт енді ес жиып, қираған қора-қопсыны бүтіндеуге, құлаған шарбақты тіктеуге кірісіпті.
– Осы ауылда он жылдан бері тұрамын. Желдің екпіні күшті болғаны соншалық, пластик терезелердің шынысын қиратып жіберді. Сынығы қызым Әдеміаудың білегін жаралады. Шатыр қирап, веранда мен шарбақ құлады. Қысқасы, баспанамыздың сиқы кетіп тұр, – дейді отағасы Тілек Зәкария күрсініп.
Күрсінетін жөні бар, ол – І топ мүгедегі. Ана-мынаны жөндеуге шамасы жоқ. Сөзіне қарағанда, бүлінген мүлікті бағалаушылар келіп кетіпті. Енді билік тарапынан қандай көмек көрсетілетінін күтіп отыр. «Мен үшін қаражаттан гөрі, құрылысшылар үйді қалпына келтіріп берсе жөн болар еді» деп, ішкі ойын білдірді.
Жергілікті мектеп электригі Тауқұмар Сарайханның, күзетшісі Ержанат Божыханның үйлері де дауылдан едәуір зақымданыпты.
– Қиындық көріп қиналған кезде әкім-қаралар қасымыздан табылып, шұғыл әрекет еткеніне ризамыз. Дауылдан келесі күні электр жарығы қосылып, ауыз су берілді. Дүние-мүлікті бағалаушылар үй-үйді аралап шықты. Енді нәтижесі қалай болар екен, сол жағы алаңдатады, – дейді Сарайхан Тауқұмар әңгімесінде.
Дауыл жеке үйлерді ғана емес, мектеп пен клуб ғимаратына да залалын тигізіп, орталықтандырылған су құбырын, «Ақбұлақ» шаруа қожалығын электр энергиясымен қамтамасыз ететін желілер бағандарын құлатып кетіпті. Бүгінгі күні аталмыш электр желілері қалпына келтірілді. Ал мектептің төбесіне мердігер ұйым – «Мухамбетов» жеке кәсіпкерлігі жұмсақ шатыр төсеп жатыр. Қала әкімдігі білім бөлімінің басшысы Лаура Аманқызының айтуынша, 580 шаршы метр төбенің 210 шаршы метрі бүтінделіпті. Алдағы дүйсенбіге дейін жұмысты толық аяқтау көзделіп отыр.
Зардап шеккен тұрғындарға қандай көмек көрсетілетінін білмек болып қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі басшысы Зейнеп Жақсыбаевамен хабарластық.
– Бізге 43 адамнан өтініш түсті. Құжаттары дұрыс болса, әр отбасына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 432 мың 500 теңге мөлшерінде қаражат беріледі, – деді Зейнеп Опабекқызы.
Әрине, бұл құдайкөлдіктер үшін жағымды хабар. Десек те, бір гәп бар. Бүлінген үйлердің бірқатары сонда тұрып жатқан адамдардың емес, басқа біреулердің атында екен. Құдайкөлдіктер Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия мәселенің анық-қанығына жетіп, оң ұйғарым жасайтын болар деп үміттеніп отыр.
Айтпақшы, мақаланың басында І топ мүгедегі Тілек Зәкарияның дәрменсіз жағдайын сөз еттік емес пе. Осы орайда, ауыл әкімі Бауыржан Жанайдаров ауыл жігіттерінің басын қосып, Тілектің үйінің шатырын бүтіндеп беріпті. Енді верандасын жөндеуге кіріспекші көрінеді.
Ж.Жәлелұлы, Құдайкөл ауылы










