Биылғы жаз жылдағыдан ыстық болып тұр. Жауын-шашын аз болғанымен, саяжайшылардың көңілдері тоқ. Бұл жайында сәл кейінірек баяндаймыз. Әуелі саяжай қоғамдарының тыныс-тіршілігі жайлы қала әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінен жіберілген анықтаманы шолып шығайық.
Екібастұз қаласында жалпы алаңы 1944,4 гектар болатын 7 саяжай қоғамы бар. Олардағы саяжай учаскелері саны – 4298. Десек те, жылдан жылға бос қалып жатқан телімдер көбейіп барады. Мұның себептері де көп. Соның бірі – кейінгі буын жаз бойы саяжайда еңбек етуге құлықсыз. Олар маңдай терін төккеннен гөрі, дүкендерге оңтүстік өңірлерден, тіптен шет елдерден жеткізілетін татымсыз жеміс-жидек пен көкөністі сатып алуды ұнатады.
Сонымен, саяжай қоғамдарында жұмыс істеп тұрған учаскелерді тізетін болсақ, «Горняк» – 420, «Ягодка» – 362, «Энергостроитель» – 259, «Весна» – 63, «Энергостроитель Сад» – 124, «Союз» – 874 және «Энтузиаст» – 200. Жалпы алғанда, 4298 учаскенің 2302-сін адамдар күтіп-баптап отырса, 1996 учаске иесіз жатыр.
Әрине, саяжайдан тәуір өнім алу үшін жағдай жасалуы керек. Бұл орайда, ең бастысы – су мәселесі. «Горняк», «Ягодка», «Энергостроитель», «Весна», «Энергостроитель Сад» саяжай қоғамдарын сумен «Горводоканал» кәсіпорны қамтамасыз етіп отыр. Рас судың бағасы біршама көтеріліпті. Мәселен, 5 мамырдан 30 маусымға дейін 1 текше метр судың құны, қосымша құн салығын есептемегенде, 53,83 теңге тұрса, 1 шілдеден бастап 58,45 теңге болыпты.
«Союз» қоғамы суды Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан алады. Мұнда 1 текше метр судың бағасы, қосымша құн салығын қоспағанда, 59,82 теңге. Ал Солнечный кентіндегі «Энтузиаст» қоғамы суды МАЭС-2 станциясының су қоймасынан алады.
Су мәселесі осылайша оңтайлы шешімін тапса, Екібастұз қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі өзге де мәселелерді назарында ұстап отыр. Саяжайшылар үшін үш маршрут бойынша автобус қатынасы ұйымдастырылған. Атап айтар болсақ, қала – «Надежда», қала – «Қалалық су тазарту» және қала – «Союз» қоғамы. Автобустар 18 сәуірден жүре бастаған еді, қызмет көрсетуші – «Жоламан ЭК» ЖШС. Төлем электрондық жүйе бойынша жасалады. Құны – 200 теңге. Зейнеткерлер, 3-топтағы мүгедектер үшін 100 теңге, ал 1,2-топ мүгедектері, көп балалы аналар, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген тұлғалар мен Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюшылар тегін қатынайды.
Иә, атқарушы биліктің саяжайшыларға жағдай туғызуы құптарлық. Десек те, сол саяжайшылардың пікірін білу де маңызды.
– Біз сонау 1993 жылдан бері саяжай ұстаймыз. Бұрын «Прогресс» саяжай қоғамында болған едік. Осыдан 25 жыл бұрын «Союз» саяжай қоғамынан 12 сотық учаске сатып алдық. Биылғы жаз саяжай маусымы ойдағыдай өтіп жатыр. Былтыр бір маусымға су үшін жиынтығы 100 мың теңге төлеп едік, биыл 119 мың теңге төлеудеміз. Бұл сомаға күзет қызметі ақысы, саяжай қоғамының штаты жалақысы да кіреді. Су аптасына үш рет: сейсенбі, бейсенді, сенбі күндері беріледі. Автобустар қозғалысы да дұрыс ұйымдастырылған. Біздің жағдайымызды ойлаған қала басшылығына ризамыз, – дейді тәжірибелі саяжайшы Алма Жакупова.
Негізі, саяжайды күтіп ұстау еңбекқор адамдардың ғана қолынан келеді. Осы орайда, отағасы Николай Михнев еңбекқор адам. «Союз» қоғамына ауысқан соң учаске басында кішірек үй мен монша салып алыпты. Сонымен қатар, ескірген су құбырларын жаңа пластик құбырларға ауыстырып, бірнеше қабат қарашірік пен көң сатып алып, топырақтың құнарлылығын арттырыпты.
– Саяжай учаскесін ұстау тиімді ме? – деген сұраққа Алма Қоңдыбайқызы іркілген жоқ.
– Әрине, пайдасын көріп отырмыз. Кеткен шығынның есесін күзде жиналатын өнім ақтайды. 12 сотық жерден 40 қаптай картоп қазып аламыз. Көкөністің түр-түрі бар. Таңқурай мен құлпынай, шие мен өрік өседі. Тоспа қайнатып, көкөніс тұздап, соның игілігін қыс бойы көреміз. Өз басым саяжай өнімдерін саудаламаймын. Әйтпесе артылған өнімді сатып, пайда табатын саяжайшылар баршылық қой, – дейді Алма апай ашық әңгіме өрбітіп.
Айтпақшы, зейнеткер Алма апай – біздің әріптесіміз. Көп жыл «Отарқа» редакциясында бухгалтер болып жемісті еңбек еткен. Сол жылдары қолы ашық Алма апай әзірлеген тосаптармен шай ішіп, салаттарының дәмін де татқан едік. Көңіл өскен сондай сәттерде Алма апай саяжайда тер төгу жанға рахат сыйлайтынын әңгімелеп, «жер – асыраушы, ал таза ауаның жұпары, судың сылдыры – ауру-сырқауды емдеуші» деуден жалықпайтын. Расында да, тар үйде қамалып отыра бермей, саяжайда бой жазып, табиғатты тамашалау да ғанибет емес пе. Ал өзің баптап, күтіп өсірген жеміс пен көкөністің дәмі бөлек болатынын айтудың өзі артық.
… Шіліңгір шілде орталағалы сауда үйлері сыртында сауда жасаушы саяжайшылар да көріне бастады. Солардың бірінен өнім бағасын сұрап едім, қартаңдау әйел: «Қызанақтың килосы – 2 мың теңге» деді. Бір кіші шелек жас картоп 3 мың теңге екен. Әрине, дүкендегіден әлдеқайда қымбат. Әйтсе де, бағасына қарамай-ақ сатып алушылар бар. Әркімнің өз қалауы біледі емес пе. Оның үстіне күннің қызуымен, алақанның жылуымен өскен өнім де өзгеше!
Ж.Сәдуақас









