Екібастұз қалалық сотында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстардың қорытындысына арналған брифинг өтті. Іс-шара барысында сот қызметінің негізгі бағыттары бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерді қарау нәтижелері, сот төрелігін жүзеге асыру сапасы мен сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы көрсеткіштер жария етілді.
Есепті кезеңде Екібастұз қалалық сотының өндірісінде барлығы 4625 іс пен материал қаралды. Оның ішінде 2766 азаматтық іс, 242 қылмыстық іс және 1617 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс тіркелді.
– Осы аралықта азаматтық істер саны артты. Алты ай ішінде 2766 азаматтық іс аяқталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 546 іске көп. Оның ішінде 1445 іске қатысты сот шешімі шығарылып, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 177 іске артты, – деді қалалық сот төрағасы Руслан Сәрсен.
Сонымен қатар бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен 593 сот бұйрығы шығарылса, жеңілдетілген іс жүргізу тәртібімен 802 іс, яғни, барлық азаматтық істердің 55,3 пайызы қаралған.
Дауларды баламалы жолмен шешу тәжірибесі де оң нәтижесін көрсетіп отыр. Есепті кезеңде 418 іс бойынша іс жүргізу тоқтатылып, оның 412-сі медиация, бітімгершілік келісімі немесе талаптан бас тарту негізінде аяқталған.
Сот жұмысының цифрландырылуы да өз нәтижесін беруде. Жыл басынан бері талап арыздардың 68,8 пайызы «Сот кабинеті» электрондық сервисі арқылы жолданған.
Қылмыстық істер бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. Есепті кезеңде 120 қылмыстық іс аяқталып, олардың 89-ы бойынша үкім шығарылды.
Алты ай ішінде сотқа 130 тұлғаға қатысты 111 қылмыстық іс келіп түсті. Оның ішінде 34 іс – теріс қылықтарға, 12 іс – онша ауыр емес, 31 іс – орташа ауырлықтағы және 34 іс ауыр қылмыстарға қатысты болды.
Жалпы, 112 адамға үкім шығарылып, олардың 39-ына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қалған сотталғандарға айыппұл, бас бостандығын шектеу, қоғамдық жұмыстарға тарту сияқты баламалы жаза түрлері қолданылды.
Сонымен қатар 17 қылмыстық іс тоқтатылып, оның 12-сі тараптардың татуласуына байланысты жабылған. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Екібастұз қалалық сотына 1715 әкімшілік іс келіп түсіп, оның 1617-сі қаралды. Қаралған істердің нәтижесінде 1461 адамға әкімшілік жаза қолданылды. Оның ішінде 404 әкімшілік айыппұл, 782 әкімшілік қамақ, 53 арнайы құқықтан айыру, 89 ескерту түріндегі жазалар тағайындалды. Сонымен қатар 10 шетел азаматы Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылды.
Руслан Сәрсен брифингте соттың ақпараттық ашықтығы туралы да айтты. Екібастұз қалалық сотының қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және сот органдарының ресми интернет-ресурстарында тұрақты түрде жарияланып келеді.
Екібастұз қалалық сотының судьясы Рауан Бейілғожин медиация маңызды институт екенін, бүгінгі таңда сот тәжірибесінде тараптарды татуластыру рәсімдері кеңінен қолданылып жүргенін атап өтті.
«Дауларды сотқа жеткізбей немесе сот барысында медиация арқылы шешу азаматтардың уақытын үнемдеуге және өзара келісімге келуіне мүмкіндік береді. Сондықтан сотта татуластыру рәсімдерін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде», – дейді ол.
Үстіміздегі жылдың 6 айында 418 істің 412-сі (98,6 пайызы) медиативті жолмен шешілген.
Брифинг барысында мемлекеттік тілде сот ісін жүргізуді дамыту бағытындағы жұмыстардың оң нәтижелері де айтылды. Бұл бағытта сот тарапынан заңгерлермен, мемлекеттік органдардың өкілдері және азаматтармен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде мемлекеттік тілде қаралатын істердің саны біртіндеп артып келеді. Мәселен, мемлекеттік тілде 2025 жылы 224 азаматтық іс қаралса, 2026 жылдың алғашқы алты айының өзінде 149 іс қаралған.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес талап қою арызы қай тілде берілсе, іс жүргізу де сол тілде жүзеге асырылады. Сондықтан көптеген жағдайда талап арыздарды әзірлейтін заңгерлердің құжаттарды ресми тілінде рәсімдеуі сот ісінің де сол тілде қаралуына әсер етеді.
Дейтұрғанмен тараптардың мемлекеттік тілде сот ісін жүргізуге құқығы толық сақталған. Егер талапкер немесе іске қатысушылар сотқа тиісті өтінішпен жүгінсе, соттың ұйғарымы негізінде істі мемлекеттік тілде қарауға көшіруге болады. Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде мемлекеттік тілде қаралатын істердің үлесі жыл сайын артып келеді.
ГҮЛСАНА МЕДЕУБАЙТЕГІ








