Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Статистикалық мәліметке сәйкес, Екібастұз өңірінде 4612 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде І топтағы – 730, ІІ топтағы – 1701, ІІІ топтағы – 1474 азамат және 707 мүгедек бала бар.
Қазіргі таңда қалада арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін 10 мекеме жұмыс істейді. Оның бесеуі стационарлық, жартылай стационарлық және уақытша болу жағдайында қызмет көрсетсе, тағы бесеуі азаматтарға үй жағдайында қызмет ұсынады. Бұл ұйымдар қарттарға, мүгедектігі бар азаматтарға, ерекше күтімді қажет ететін балаларға және өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік көмек көрсетеді.
Бүгінде арнайы әлеуметтік қызметпен 629 адам қамтылған. Оның ішінде 145 адам жартылай стационарлық қызмет алса, 474 адамға үйде қызмет көрсетіледі. Ал 10 адам уақытша орналастыру қызметін пайдаланып отыр.
Әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатында бірнеше жылдан бері «Әлеуметтік қызметтер порталы» жұмыс істейді. Портал арқылы азаматтар өздеріне қажетті оңалту құралдары мен қызметтеріне тапсырыс беріп, жеткізушіні өздері таңдай алады. Сонымен қатар, санаторий-курорттық емдеу ұйымын да өз қалауы бойынша таңдау мүмкіндігі бар. Порталда еліміздің түрлі өңірлеріндегі шипажайлар, соның ішінде Мойылды, Щучинск, Сарыағаш, Қостанай және басқа да сауықтыру орындары ұсынылған. Ал компьютерді қолдануда қиындық көретін тұрғындарға «Open Akimat» орталығының мамандары кеңес беріп, портал арқылы өтінім рәсімдеуге көмектеседі.
Оңалтудың жеке бағдарламасы аясында азаматтар протездік-ортопедиялық көмекпен, есту және көру қабілетіне арналған арнайы техникалық құралдармен, кресло-арбамен, гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, санаторий-курорттық ем қабылдау, І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жеке көмекші, ал есту қабілеті бұзылған адамдарға ымдау тілі маманының қызметі ұсынылады. Биыл оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша қажеттілігі бар 3895 адамның 2855-і қажетті құралдар және қызметтермен қамтамасыз етілген. Бұл жалпы қажеттіліктің 73,3 пайызын құрайды.
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында инватакси қызметі, баспалдақ және вагон көтергіштерін пайдалану, сондай-ақ, кресло-арбалар мен арнайы техникалық құралдарды жөндеу қызметтері көрсетіледі. Жыл сайын бұл қызметтердің игілігін 300-ден астам мүгедектігі бар азамат көреді.
Бұдан бөлек, заңнамаға сәйкес бірқатар әлеуметтік төлемдер де қарастырылған. Атап айтқанда, І топтағы мүгедектігі бар азаматты санаторий-курорттық емдеуге алып жүретін адамға 55 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді. Ал мүгедектігі бар баланы емдеуге алып жүретін адамның жол жүру, тұру және тамақтану шығындарын өтеуге 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек беріледі. Сонымен қатар жыл сайын Республика күні қарсаңында біржолғы әлеуметтік төлем жасалады. Оның аясында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға 25 айлық есептік көрсеткіш, ал І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ, зейнет жасына жеткен І және ІІ топтағы азаматтарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Зейнеп Жақсыбаеваның айтуынша, мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау, олардың өмір сүру сапасын арттыру және қажетті қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.
Ділназ Серікбай








