Елордада «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына бес жыл толуына орай ұйымдастырылған «Тектілер ту көтереді» атты республикалық журналистер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқау еліміздің түкпір-түкпірінен келген қаламгерлердің басын қосты.
Салтанатты жиынға «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы әрі жоба авторы Нұркен Асанов, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, сондай-ақ, зиялы қауым өкілдері, белгілі журналистер, қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Байқауға республиканың барлық өңірлерінен елуге жуық баспа, интернет-басылым, радио және телеарна журналистері қатысып, ұлттық тәрбие, рухани құндылықтар, қоғамдық сана, азаматтық ұстаным және ел бірлігі тақырыптарында жарық көрген үздік материалдарын ұсынды. Қазылар алқасы шығармалардың мазмұнына, өзектілігіне, көркемдік деңгейі мен қоғамдық маңыздылығына ерекше назар аударып, үздіктерді анықтады.
Қазылар шешімімен «Баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясының бас жүлдесі Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің редакторы Жанаргүл Қадыроваға табысталды. Сондай-ақ, «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясы Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Мақпал Жұмашоваға, «Республикалық баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің тілшісі Сәндібек Преновке, ал «Үздік радио немесе YouTube бағдарламасы» номинациясы QAZAQ RADIOLARY ЖШС-нің «Шалқар» ұлттық радиоарнасының радиожурналисі Гүлнұр Омарханқызына берілді.
Бұл марапат – шығармашылық ізденіс пен кәсіби еңбектің заңды жемісі.
Жанаргүл Қадырова – тәжірибелі журналист, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ақын, Қазақстан Журналистер одағының және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Сондай-ақ, оқырманның ықыласына бөленген бірнеше кітаптың авторы, туған жер тарихын, адамгершілік құндылықтарды дәріптеп жүрген қаламгер.
Жанаргүл Қадырованы осынау айтулы жетістігімен құттықтап, шығармашылық шабыт пен тың идеялар әрдайым серігі болсын деп тілек білдіреміз.
Өз тілшіміз








