Қаламыздағы Достық үйінде дін мәселелеріне арналған кездесу өтті. Басқосуға педагогтер, этно бірлестіктердің өкілдері қатысып, қоғамда алаңдаушылық туғызатын діни ағымдар, олардың белгілері мен алдын алу жолдары талқыланды. Жиналғандардың сұрақтарына Әбу Ханифа мешітінің бас имамы, теолог Дидар Салманов жауап берді.
Елімізде жат діни ағымдардың таралуы өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастау алады. Сол кезеңде шетелде діни білім алған азаматтардың бір бөлігі елге оралған соң қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан діни дәстүрлерін жоққа шығарып, оларды «ширк» деп бағалай бастады. Мұндай көзқарастың салдары бүгінге дейін сезіліп келеді. Бір кездері жастарды радикалды идеяларға үндеген кейбір адамдар қазір сотталғанымен, олардың ықпалына түскен азаматтардың арасында әлі де дәстүрлі құндылықтарды теріске шығарып жүргендер кездеседі.
Кездесу барысында теріс бағыттағы діни ұйымдардың мақсаттары да сөз болды. Теологтың айтуынша, олардың қызметі негізінен екі бағытқа бөлінеді: саяси және экономикалық. Саяси сипаттағы ұйымдар қоғамда алауыздық туғызуды көздесе, экономикалық бағыттағы секталар адамдарды алдап, мүлкін немесе қаржысын иемденуге әрекет етеді.
Сондай-ақ, Сириядағы қарулы қақтығыстың себептері мен оның салдары мысал ретінде келтіріліп, діни сауатсыздықтың, фанатизмнің қандай ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екені айтылды.
Бүгінде көптеген заңсыз діни ұйымдардың қызметіне тыйым салынғанымен, олардың кейбірі өз жұмысын басқа атаумен жалғастырып келеді. Олар қайырымдылық қоры, спорт клубы, тіл үйрету орталығы немесе басқа да қоғамдық ұйым ретінде тіркеліп, өз идеологиясын жасырын насихаттауға тырысады. Дидар имам мұндай ұйымдардың қызметіне сын көзбен қарап, олардың заңдылығы мен мақсатын тексерудің маңызы зор екенін атап өтті.
Кездесу барысында сыртқы келбетке қатысты қалыптасқан түсініктер де сөз болды. Дидар Салманов қара түсті киімнің, қысқа балақты шалбардың немесе сақалдың өзі адамның діндарлығын айқындайтын өлшем емес екенін айтты. Оның сөзінше, Құранда сақал өсіру туралы нақты әмір жоқ, бұл мәселе Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетімен байланысты қарастырылады.
Исламда сақалдың ұзындығынан бұрын оның күтіміне ерекше мән берілгенін атап өткен жөн. Хадистерде Алла Елшісі (с.ғ.с.) шашы мен сақалы ұйпа-тұйпа болып келген адамға оларды ретке келтіруді ишарат етіп, мұсылманның ұқыпты әрі таза жүруі керектігін ескерткен. Сондай-ақ сахаба Абдулла ибн Омардың (р.а.) қажылық пен ұмра кезінде сақалының бір тұтамнан асқан жерін қысқартып, жинақы ұстағаны риуаят етіледі. Демек, сүннет бойынша сақалды тек өсіру ғана емес, оны үнемі жуып, тарап, күтім жасап, көркем қалыпта ұстау да маңызды.
Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да ханафи мәзһабының ұстанымына сүйене отырып, қоғамда түсінбеушілік туындамауы үшін сақал қойған азаматтарға оны бір тұтамнан асырмай, таза, ұқыпты әрі жинақы ұстауды насихаттайды. Өйткені мұсылманның сыртқы келбеті де исламның көркемдігін танытуы тиіс.
Кездесу соңында Дидар Салманов азаматтарды жат ағымдардың ықпалынан сақ болуға шақырып, діни ақпаратты тек ресми әрі сенімді дереккөздерден алудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, діни сауаттылық пен сындарлы көзқарас – қоғамның бірлігі мен тұрақтылығын сақтаудың басты кепілі.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ







