Апат айтып келмейді емес пе, Теміржол ауылдық округіне қарайтын Құдайкөл ауылында жаңбыр соңы ірі бұршаққа ұласып, жойқын дауыл соғып, елді мекенде бұрын-соңды болып көрмеген ойран салды.
Сұрапыл жел шатырларды қиратып, шарбақтарды құлатып, электр желілері сымдарын үзіп кетті. Сөйтіп елді мекеннің өміршеңдігін қамтамасыз етіп тұрған маңызды коммуникацияларды істен шығарды. Осылайша жарық өшіп, көптеген үй сусыз қалды. Сонымен қатар, дауыл әлеуметтік нысандарға да зиянын тигізді.
Суыт хабар жете сала жауапты қызметтер Құдайкөл ауылына аттанды. Қазіргі уақытта электр энергиясы және ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дауыл келтірген зиянды бағалау мен нысандарды техникалық зерттеу де шұғыл қолға алынды. Табиғи апат зардаптарын жою және инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары барысын облыс пен қала әкімдері бақылауға алды. Екібастұз қаласының әкімі жергілікті масштабтағы табиғи апат сипатындағы төтенше жағдай жариялады. Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия тұрғындарға төлемдер жасау немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру туралы шешімдер қабылдайтын болады.
ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН







