Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жұмыс еліміздегі құқықтық тәртіптің нығаюына және қоғамның негізгі тірегі саналатын отбасы институтының сақталуына әсер етеді.
Әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігі басшылығының ерекше бақылауында.
Осыған байланысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында облыс аумағында «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» облыстық акциясы өткізілді.
– Акция барысында Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторлары учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп, тұрмыстық құқық бұзушылық жасауға бейім азаматтар мен қолайсыз отбасыларды тұрғылықты жері бойынша тексерді. Сондай-ақ, қорғау нұсқамасы шығарылған немесе мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамдардың белгіленген шектеулерді сақтауына ерекше назар аударылды, – деп түсіндірді Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы бөлімнің басшысы Бақытгүл Сейтқалиева.
Жыл басынан бері 660 жәбірленуші қорғау нұсқамасымен қорғалды. Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 71 адам Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 461-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 және 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамайтын ата-аналар мен ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған азаматтарды тексеру жұмыстары күшейтілуде. Акция аясында тұрғындарға, әсіресе әйелдерге, түрлі құқықтық мәселелер жөнінде консультативтік көмек көрсетілді.
Іс-шара барысында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Әкімшілік учаскелерде пәтерлер мен аулаларды аралау кезінде профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, ӘҚБтК-нің 73, 127, 440, 442, 461, 669-баптары (2, 3, 4-бөліктері) және ҚР Қылмыстық кодексінің 108-1, 109-1-баптарында көзделген құқық бұзушылықтарды анықтау шаралары қабылданды. Сотқа әкімшілік материалдары жолданған агрессорларға қатысты мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу туралы өтінішхаттар жолданып, психологиялық көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылады. Зорлық-зомбылық белгілері байқалған және әлеуметтік қолайсыз отбасылармен жұмыс істейтін мобильді топтардың қызметі жандандырылды. Мобильді топтар профилактикалық рейдтер өткізіп, өгей әкесімен тұратын балаларды, ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылғандарды, спирттік ішімдіктер мен есірткі құралдарын теріс пайдаланатындарды, сондай-ақ, жыныстық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдармен бірге тұратын қолайсыз отбасыларды анықтады.
«Зорлық-зомбылықсыз отбасы» акциясының басты мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтарды ерте анықтау және зардап шеккен азаматтарға қажетті құқықтық әрі психологиялық қолдау көрсету.
Егер жақындарыңыз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраса, үнсіз қалмаңыздар!
102 – Екібастұз қаласы ПБ кезекші бөлімі;
8 (7187) 75-45-05 – Екібастұз қаласының прокуратурасы;
8(7182)54-36-47, 54-03-03 – «Әйелдерді балаларымен әлеуметтік-психологиялық бейімдеу және оңалту Павлодар қалалық орталығы» КММ-нің сенім телефондары:
1406, 87028929777, 87014369082 – «Қорғау-Астана» Жеке қоры;
8 (7187) 28-03-48 – «Екібастұз қаласының білім бөлімі» ММ-нің (балалардың құқықтарын қорғау бөлімі);
8 708 205 3025 – Екібастұз қ. «Отбасын қолдау орталығы».
ГҮЛСАНА МЕДЕУБАЙТЕГІ








