Теміржол ауылдық округіне қарайтын Қарасор ауылында жаңғыртылған теміржол станциясының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Туленбергенов, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин, «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желілер Павлодар бөлімшесі» филиалының бас инженері Әсет Макеев, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Туленбергенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде вокзал толықтай жаңартылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. Ғимараттың сыртқы келбеті мен ішкі бөлмелері заманауи талаптарға сай өзгертіліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастырылды. Бұл нысанның жаңаруы өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға үлесін қосады, – деді ол.
Қарасор станциясын жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың шілде айында басталып, биыл толық аяқталды. 1988 жылы салынған вокзал ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, шатыры, қасбеті мен ішкі бөлмелері толық жаңартылған. Сонымен қатар, су құбыры, кәріз, жылу, электрмен жабдықтау, байланыс жүйелері және жолаушылар платформасы жаңартылып, станция маңы абаттандырылды.
Бұдан бөлек, ғимаратқа заманауи желдету және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылыпты. Мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін пандус, тактильді бағыттаушы жолақтар және арнайы күту бөлмесі жабдықталған.
Жобаның жалпы құны 175,9 млн теңгені құрады. Тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ. Құрылыс жұмыстарын «Павлодар Рем Комплекс» ЖШС, жобалауды «Архпроект Plus» ЖШС, ал техникалық қадағалауды «СтройТех-PVL» ЖШС жүзеге асырды. Салтанатты рәсім соңында қонақтар вокзалдың лентасын қиып, жаңа кейіптегі ғимаратты аралап көріп, жүргізілген жұмыстармен танысты.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ










