Жазғы демалысты мәнді әрі пайдалы өткізу әр оқушы үшін маңызды. Осы мақсатта Екібастұз қаласында жыл сайын жүзеге асырылатын «Мектеп оқушыларының еңбек жасақтары» бағдарламасы жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп келеді.
Биыл да игі бастама өз жалғасын тауып, қала мектептерінен 14 жастан асқан 600 оқушы жазғы еңбек маусымына тартылды. Олар қаланың тазалығы мен көркейту жұмыстарына атсалысып, қоғамдық еңбекке белсенді қатысуда.
Еңбек маусымы үш кезең бойынша ұйымдастырылған. Бірінші кезең 15–26 маусым аралығында, екінші кезең 6–17 шілде аралығында өтті. Үшінші кезең 27 шілде мен 6 тамыз аралығын қамтиды. Әр кезеңде шамамен 200 оқушы еңбек етеді. Жұмыс уақыты таңғы сағат 8:00-ден 12:00-ге дейін белгіленген.
Жоба барысында балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Жұмыс басталар алдында күн сайын қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқама өткізіліп, арнайы журналға тіркеледі. Қатысушылар бас киіммен, қолғаппен, арнайы кеудешемен және ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар еңбек барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы мен демалыс уақытының ұйымдастырылуы тұрақты бақылауда болады.
Оқушылар шөп шабу, бұталарды реттеу, қоқыс жинау, аумақтарды абаттандыру секілді қоғамдық жұмыстарды атқарады. Әр қатысушымен ресми еңбек шарты жасалып, бір еңбек маусымы үшін 38 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді.
Жұмыс беруші – «Надежда. Вера. Любовь» қоғамдық қоры. Қор тарапынан оқушылар қажетті құрал-жабдықтар және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіліп, еңбекақы төлеу жолға қойылған.
Биыл еңбек жасағына алғаш рет қосылған оқушылардың да қатары аз емес. Солардың бірі – №24 гимназия-мектебінің 8 «Ә» сынып оқушысы Ғазизнаби Дәуренұлы.
– Еңбек жасағына қабылданғаныма өте қуаныштымын. Алғашқы күні бізге қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, құралдарды дұрыс пайдалану жолдары көрсетілді. Жұмыс барысында аумақтарды тазалап, шөп пен жапырақ жинаймыз. Күн тым ыстық немесе жаңбырлы болса, қауіпсіздік мақсатында дала жұмыстары тоқтатылады. Алатын жалақымның бір бөлігін анама бергім келеді. Қалған қаражатқа жаңа оқу жылына қажетті мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуды жоспарлап отырмын. Еңбек ету маған қиын емес. Керісінше, берілген тапсырмаларды жауапкершілікпен әрі уақытында орындауға тырысамыз, – дейді ол.
Еңбек жасағының тағы бір қатысушысы Ислам Қайыржанов та бұл жобаның өзіне көп пайдасын тигізгенін айтады.
– Ата-анам кішкентайымнан табиғатты аялауға, айналаны таза ұстауға тәрбиелеп келеді. Қоқысты кез келген жерге тастамау, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау – біздің отбасымыздағы басты қағидалардың бірі. Сол тәрбиенің арқасында бүгінде қаламыздың тазалығы мен көркеюіне өз үлесімді қосып жүргеніме қуаныштымын. Еңбектеніп жүріп қоршаған ортаны таза ұстап, еңбегіміз үшін жалақы да аламыз, – дейді жас өрен.
Жасақтағы жұмыстар педагогтер мен арнайы үйлестірушілердің тұрақты бақылауымен жүргізіледі. Әрбір қатысушының қауіпсіздігі, денсаулығы және еңбек жағдайы күн сайын қадағаланып отырады.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ








