Екібастұзда дарынды, белсенді әрі қоғамдық өмірге үлес қосып жүрген жастарға арналған Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жастар белгісіне құжат қабылдау басталды. Байқау талантты жастарды қолдау, олардың жетістіктерін насихаттау және қазақстандық патриотизмді нығайту мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Бұл туралы Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Еркін Құсан мәлімдеді.
– Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы жастар белгісі – түрлі салада жетістікке жеткен жастардың еңбегін бағалап, оларды ынталандыруға бағытталған маңызды жоба. Байқау арқылы қоғам игілігі жолында еңбек етіп жүрген жас мамандарды көпшілікке танытып, олардың кәсіби және қоғамдық белсенділігін арттыруды көздейміз, – деді ол.
Байқауға Екібастұз қаласының 14 пен 35 жас аралығындағы жоғары кәсіби жетістіктері бар жастары қатыса алады. Жастар белгісі білім, ғылым, мәдениет, өнер және журналистика, спорт, қоғамдық-саяси қызмет, денсаулық сақтау, өндіріс, волонтерлік, төтенше жағдайлар қызметі, құқық қорғау органдары, жұмысшы мамандықтары, ақпараттық технологиялар мен креативті индустрияны қоса алғанда 10 бағыт бойынша табысталады.
Конкурс бірнеше кезеңнен тұрады. 15-31 шілде аралығында үміткерлерден өтінімдер қабылданады. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін комиссия жеті жұмыс күні ішінде материалдарды қарап, үміткерлерді бағалайды. Ал жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Халықаралық жастар күніне орай тамыз айының алғашқы онкүндігінде өтеді.
Комиссия үміткерлерді бағалау кезінде олардың қоғамдағы беделін, кәсіби және шығармашылық жетістіктерін, патриотизмді нығайтуға, ұлттық мәдениет пен тілді дамытуға, қоғамдық келісімді сақтауға қосқан үлесін ескереді.
Конкурс қорытындысы бойынша әр бағыттан үздік деп танылған жеңімпаздарға Сұлтанмахмұт Торайғыров бейнеленген омырауға тағылатын белгі, диплом және 200 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы табысталады.
Қатысу үшін үміткерлер ұсыным хат, өмірбаян, түйіндеме, жұмыс немесе оқу орнынан анықтама, білім туралы құжаттың көшірмесі, жетістіктерін растайтын материалдар, қоғамдық қызметі мен жүзеге асырған жобалары туралы мәліметтер, фотосурет және жеке куәліктің көшірмесі секілді құжаттарды портфолио түрінде тапсыруы қажет. Сонымен қатар, үміткердің Екібастұз қаласында кемінде екі жыл тұрақты тіркеуде тұрғанын растайтын құжат ұсынылады.
Құжаттар Екібастұз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қабылданады.
Өткен жылы білім және ғылым бағыты бойынша жастар белгісінің иегері атанған қалалық дебат клубының жетекшісі Елемес Сланбек бұл жобаның жастар үшін маңызы зор екенін айтады.
– Бұл бастама Екібастұздағы талантты жастарды танытып, олардың еңбегін бағалауға мүмкіндік береді. Әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жастардың жетістіктерімен танысып, бір-бірімізден тәжірибе алмасамыз. Мұндай жобалар жастарды жаңа белестерге жетелеп, үлкен мотивация береді, – дейді ол.
Елемес Сланбектің айтуынша, жастар белгісін алғаннан кейін дебат қозғалысын дамытуға басымдық берілген. Оның бастамасымен оқу жылы барысында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 10 дебат турнирі өткізілді. Оның ішінде 8-і қалалық, 2-і облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Зияткер» және «Аргумент кубогы» турнирлеріне Екібастұздан бөлек, Павлодар, Баянауыл және Май аудандарының 200-ге жуық оқушысы қатысты. Сонымен қатар, клуб мүшелері республикалық және облыстық пікірсайыс турнирлерінде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, түрлі марапаттар мен гранттардың иегері атанған.
– Байқаудың өткізілу форматы да ерекше ұнады. Жеңімпаздар ашық дауыс беру арқылы емес, түрлі саланың басшылары, бөлім жетекшілері мен депутаттардан құралған комиссияның бағалауымен анықталды. Әр қатысушы өз жобасын таныстырып, комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап берді. Мұндай әділ іріктеу жастардың өз мүмкіндігін толық көрсетуіне жағдай жасайды, – дейді жеңімпаз.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастар белгісі – Екібастұздың белсенді әрі дарынды жастарын қолдап, олардың қоғамдағы беделін арттыруға және жаңа бастамалардың жүзеге асуына серпін беретін маңызды жоба.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ








