Солнечный кентіне қоныс аударған қандасымыз Валентина Хуанбайқызы бүгінде кент тұрғындарымен етене араласып кеткен.
– Қазақстанға балаларымыз қазақ болып өсіп, өз елінде білім алсын деген оймен көшіп келдік, – дейді ол.
Валентина Моңғолияның Ховда аймағында дүниеге келген. Завхан қаласында ұлттық университетті бітіріп, экономист-бухгалтер мамандығын меңгеріпті. Банк жүйесінде жұмыс істей жүріп, ауылдың Құрылтай төрағасы секілді жауапты қызметтерді да атқарыпты. Тұрақты жұмысы мен қалыптасқан өмірі болса да, отбасы үшін ең маңыздысы – балаларының болашағы еді.
2024 жылдың қараша айында сегіз адамнан тұратын отбасы Солнечный кентіне қоныс аударды. Айтуынша, алғашқы кезде құжаттарды рәсімдеп, аударма жасауға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар филиалының басшысы Болат Зауыт жан-жақты қолдау көрсетіпті.
Қазақстанға келген соң отбасы мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін тиімді пайдаланды. Жұбайы Бердихан Нағашыбайұлы өндіріс саласына жұмысқа орналасып, МАЭС-1 кәсіпорнында еңбек етіп жүр. Валентина болса 2025 жылы бие сүтінен өнім өндіру жобасын қорғап, 1 578 000 теңге көлеміндегі қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды. Кейін «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытты. Бүгінде жеке кәсіпкер ретінде екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар әлеуметтік қызметкер болып еңбек етеді.
– Кәсіп бастау оңай болған жоқ. Бірақ мемлекет ұсынған бағдарламалар мен отбасының қолдауының арқасында жаңа ортаға бейімделіп келеміз. Ең алдымен мектептегі балалар тезірек үйренді. Ең үлкен мақсатымыз – балаларымыздың қазақ елінде өсіп, осы қоғамның толыққанды мүшесі болуы, – дейді ол.
2026 жылдан бастап көші-қон заңнамасына – қандас мәртебесін алу кезінде қазақ тілінен, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан тарихы негіздерінен білім деңгейін бағалау тәртібі енгізілді. Жаңа талаптар тарихи Отанына қоныс аудару рәсімін бұрынғыдан күрделендіріп жіберген көрінеді.
– Біз көшіп келген кезде мұндай емтихан болған жоқ. Құжаттарды рәсімдеу де жеңілірек еді. Қазір сырттағы ағайыннан емтихан тапсыру қажеттігі туралы естиміз. Әрине, мемлекеттің өз талабы бар. Бірақ тарихи Отанына оралғысы келетін қазақтарға бұл жол барынша қолжетімді болса екен деймін. Елге оралуды ойлаған азаматтарға қойылатын талаптардың көбейгені көңілге қаяу түсіреді, – дейді Валентина Хуанбайқызы.
Қоныс аударған әр отбасы жаңа қоғамға тек әлеуметтік емес, тілдік және мәдени тұрғыдан да бейімделеді. Жаңа ортаға бейімделу барысында Валентина Хуанбайқызын ойландырған мәселелердің бірі – мемлекеттік тілдің қолданысы болды.
– Біз Қазақстанға келгенде қазақ тілді ортаға тап боламыз деп ойладық. Бірақ олай болмай тұр. Кейбір мекемеде орысша сөйлеуді қалағаны көңілге тиді. Елімізде қазақ тілінің мәртебесі одан әрі нығайып, әр қазақ өз ана тілінде еркін қызмет ала алатын күн алыс емес деп сенемін, – дейді қандас.
Бүгінде мемлекет қандастарды және ерікті қоныс аударушыларды қолдау шараларын жалғастырып келеді. 2026 жылдан бастап енгізілген өзгерістер мемлекеттік көмектің көлемін қысқартқан жоқ, оны жаңа өңірде тұрақты еңбек етіп, орныққан азаматтарға бағыттауды көздейді.
Валентина Хуанбайқызының отбасы мемлекет ұсынған қолдау мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, атажұртта жаңа өмірдің берік негізін қалады. Бұл – мемлекеттік қолдау мен адал еңбектің үйлесімді нәтижесі.
ГҮЛСАНА ҚУАТҚЫЗЫ








