Қазақ үшін атажұрт – туған жер, ұлттың рухани тұтастығы мен тарихи жадының белгісі іспетті. Сондықтан Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан шетелдегі этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Бұл саясат бүгін де жалғасып жатыр.
Мемлекет еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аударушылар мен қандастарға көшу шығындарын өтеу, тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау, баспана алуға экономикалық мобильдік сертификаттарын беру, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді қолдау көрсетуде.
Алайда 2026 жылдан бастап көші-қон заңнамасы өзгеріп, мемлекеттік қолдау алу тәртібіне жаңа талаптар енгізілді. Енді қоныс аударған азаматтар жаңа жерге көшіп келгеннен кейін тұрақты жұмысқа орналасып, белгілі бір мезгіл жұмыс істеуі керек. Осы кезеңде жұмыс беруші олардың міндетті зейнетақы жарналарын аударады. Осыдан кейін ғана көшу шығындары, тұрғын үйді жалдау төлемі және басқа да қолдау түрлеріне өтініш бере алады. Бұл өзгеріс жаңа өңірге тұрақтап, еңбек етіп жатқан азаматтарды қолдау мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Қаламыздағы мансап орталығының мәліметінше, биыл ерікті қоныс аудару бағдарламасымен өңірге 57 отбасы (немесе 297 адам), ал тарихи Отанына оралуға тілек білдірген қандастардан 25 отбасы (104 адам) қоныстанған. Осылайша 2026 жылға бөлінген қабылдау квотасы толық игерілген. Бағдарлама аясында қоныс аударушы отбасының әрбір мүшесіне 302 750 теңге көлемінде көшу шығындары өтеледі. Дегенмен бұл төлемді алу үшін жаңа жұмыс орнынан кемінде үш ай міндетті зейнетақы жарналары аударылуы қажет. Тұрғын үйді жалдау субсидиясына алты ай, ал тұрғын үй сатып алуға арналған 7 028 125 теңге көлеміндегі экономикалық мобильдік сертификатына он екі ай мерзімді зейнетақы жарнасы аударылғаннан кейін ғана өтініш беруге болады. Бағдарламаға қатысу үшін азамат алдымен жұмыссыз ретінде тіркеліп, кейін Migration.enbek.kz порталы арқылы өтініш береді.








