Иә, көше жолдарының сапасы жақсару үстінде екенін көзіміз көріп жүр. Аппараттық кеңесте «Екібастұз қаласында жол жөндеу жұмыстарын жүргізудің барысы туралы» ақпаратпен ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мәди Асқарұлы таныстырды.
Мердігер ұйымдармен жалпы сомасы 5 миллард 108 миллион 662 мың теңге қаржыға келісімшарттар жасалған екен. Автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарымен «ТРИЭН», «ЮНИТРИ», «Экибастузтеплоэнергомонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, әлеуметтік мекемелерге кіреберіс жолдары ағымдағы жөндеумен «АВН Строй» ЖШС, автомобиль жолдарын профильдеумен «ДиасДар» ЖШС, орамішілік аумақтарды ағымдағы жөндеумен «АЗ и МУР Строй» ЖШС шұғылданып жатыр.
Жалпы, ағымдағы жөндеу жұмыстарының көлемі 600 мың шаршы метрді құрап отыр. Бүгінгі күні Қонаев даңғылы, Бауыржан Момышұлы, Ғаббас Сағиденов, А. Матросов, Павлодарская, Возный, Старожилов, Энергетиктер көшелерінде, сондай-ақ Кеншілер көшесінің Абай көшесінен Бауыржан Момышұлы көшесіне дейінгі бөлігінде жол жабынын жөндеу жұмыстары аяқталыпты. Бұдан бөлек, 207-208 орамдарда, 21-ші және 22-ші Южный аралығындағы учаскеде жол жабыны жөнделіпті. Қазіргі уақытта С. Торайғыров, Энергетиктер және Шешембеков көшелерінде жиектастар орнату, жол жиектерін бекіту жұмыстары қолға алынып, Естай Беркімбаев көшесін асфальттау жұмысы жалғасып жатыр.
«ДиасДар» ЖШС-і көлемі 123,8 мың шаршы метр жолды профилдеп үлгерді. Енді жалпы қашықтығы 184 километр жолдарды жөндеу-профильдеу көзделіп отыр. Сонымен қатар, №13 мектептің аумағын асфальттау аяқталып, №11 және №23 мектептердің аумақтарын асфальттауға дайындық жүргізілуде. Ал Қ.Пішенбаев, М. Әуезов және С. Торайғыров көшелерінде тротуарлар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аула аумақтарын абаттандыруға келсек, М.Жүсіп көшесі, 37 және 72-үйлер, Энергетиктер көшесі 27-үй аулаларында асфальт төсеу үшін жиектастар орнату, жол жиектерін бекіту қолға алыныпты.
Биылғы жазда кенттер мен ауылдарда да жол жөндеу жұмыстары жүзеге асырылады. Солнечный кентінде жалпы ауданы 21696 шаршы метрді құрайтын автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеуге қалалық бюджеттен 120 миллион теңге бөлініп, бұл жұмыс толық атқарылыпты. Жөнделуге тиіс кварталішілік жолдар ауданы – 15119 шаршы метр. Бұл мақсатқа 80 миллион теңге қарастырылып, қазіргі уақытта мердігер дайындыққа кірісіпті.
Бесқауға ауылында кіреберіс жол мен бас көшеге асфальт төселіп жатыр. Жұмысты «АйтСтрой» ЖШС-і 95 пайызға аяқтапты.
Қоянды ауылында қашықтығы 2,995 километр болатын ауылішілік жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жоба аясында Жеңіс, Амангелді, Жас дәурен, Кеңес, Көктем, Жаңа ауыл, Абай көшелері жөнделеді. Бұл мақсатқа бюджеттен 164 миллион теңге қаржы қарастырылған. Қаржы бөлінсе, конкурс жарияланады.
Бәйет ауылдық округіне қарайтын Атығай ауылының тұрғындары да олжалы. Жалпы қашықтығы 3,2 километр көше жолдарына мердігер ұйым – «Universal Klas» орташа жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ауылдық округ әкімі Қанат Шайхысламның айтуынша, жұмыс сапасы көңілге қонымды екен. Керісінше, Солнечный кентінің көше жолдарына төселген асфальттың сапасына қатысты тұрғындардан арыз-шағым түсіпті. Осыны айта келе, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин кент әкіміне мердігер ұйымды жауапкершілікке шақыруды жүктеді.
Қала басшысы, сондай-ақ, қаламыздағы С. Торайғыров пен Естай Беркімбаев көшелеріне асфальт төсеу жұмыстарының созылып кеткендігін ескертіп, жұмысты ширатуды тапсырды. Сонымен бірге, қала әкімі аулаларды абаттандыруды мойнына алған мердігердің сенім үдесінен шығатынына күмән келтірді. Өйткені мердігер әлі күнге шейін бірде-бір аулада жұмысты аяқтамапты. Егер мердігер жайбасарлықтан арылмаса, онда келісімшарт қайта қаралуы әбден ықтимал. Әзірге бұл мәселе ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі басшылығының бақылауында болмақ.
Жалпы алғанда биылғы жазда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Көше жолдары мен кварталішілік жолдардың сапалы жөнделуі әрдайым қала басшысының назарында.
Мұны қала тұрғындары да байқап отыр. Ал жұмыс сапалы атқарылса, жолдар жүруге жайлы болып, басшылар да, мердігерлер де алғысқа бөленеді емес пе.
Ж.СӘДУАҚАС







