21 шілде күні қала әкімі Аян Бейсекин аппараттық кеңес өткізіп, ең алдымен 2026 жылдың І жартыжылдығында Екібастұз өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары, бюджеттің игерілуі туралы мәселе қаралып, экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева хабарлама жасады.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, экономиканың негізгі салаларының басым бөлігінде оң серпін сақталып отыр. Осылайша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 940,1 миллиард теңгені құраған. Десек те, алаңдаушылық туғызып отырған проблемалар да баршылық. Жарты жыл ішінде Бозшакөл тау-кен байыту комбинатында кен өндіру көлемі 17,4 пайызға кеміп кетіпті. Оған кен қорының біртіндеп сарқылуы және кен құрамындағы пайдалы компоненттер мөлшерінің төмендеуі себеп болып, соның салдарынан мыс концентратын өндіру көлемі де 6,1 пайызға азайған екен. Сонымен қатар, өңірде көмір өндіру көлемі де 8,4 пайызға кеміп отыр. Негізгі себеп – «Кармет» ЖШС «Шығыс» кенішінен көмір сатып алудан бас тартқан екен. Әрине, мұның бәрі экономикалық көрсеткіштерге кері әсерін тигізуде. Әйтсе де, өнеркәсіптің өзге секторларында оң динамика байқалады. Нақты айтқанда, ферроқорытпа зауыттары ферросилиций өндіру көлемін, электр станциялары энергия өндіру көлемін арттырып отыр. Сонымен қатар, сумен жабдықтау, су бұру, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою саласында нақты көлем индексі 152,8 пайызға жетіпті. Оң серпін Қаныш Сәтбаев атындағы канал көрсететін қызметтер көлемінің артуы нәтижесінде қамтамасыз етіліпті.
Экономикаға оң ықпал ететін инвестиция тарту бойынша Екібастұз қаласы алдыңғы қатарда тұр. Дәлірек айтқанда, есепті кезең ішінде негізгі капиталға 180,2 миллиард теңге инвестиция тартылыпты.
Инвестициялаудың негізгі бағыты – энергетика саласы. Аталмыш салаға 112,5 миллиард теңге тиесілі. Ал 26 миллиард теңге инвестиция тау-кен өндіру саласының еншісінде. Салтанат Қойшыбайқызының сөзіне қарағанда, 1 тамызға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі кемінде 204 миллиард теңгені құрамақшы.
Жалпы, инвестициялақ жобаларды іске асыру құрылыс саласының дамуына тікелей әсер етеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 51,4 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл әуелгіде жоспарланған көрсеткіштен 8 миллиард теңгеге артық. Есепті мерзім ішінде 35,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 40 мың шаршы метрді құрайды деп күтіліп отыр.
Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 10,7 миллиард теңгені, нақты көлем индексі – 112 пайызды құрады.
Түйіндей айтқанда, І жартыжылдық қорытындысында инвестициялар, құрылыс, энергетика және ауыл шаруашылығы қала экономикасы өсуінің негізгі факторлары болып табылды. Ал енді бюджеттің атқарылуына келсек, кіріс бөлігі 101,4 пайызға орындалып, шығыс бөлігі 99,7 пайызға игерілген екен. Қаралған мәселені талқылау кезінде қала әкімі Аян Уахитұлы өнеркәсіптегі көрсеткіштерді тұтастай алғанда жақсы деп бағалап, кемшін қалған тау-кен өндіру секторында оң динамикаға қол жеткізудің маңыздылығын атап өтіп, жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді.







