Цифрлық технологиялар адам өмірінің барлық саласына дендеп еніп, қоғамның даму бағытын түбегейлі өзгертіп келеді. Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріп, бұл бағыттың ел экономикасын өркендетуде, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруде және білім беру сапасын арттыруда ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Осы мақсатта 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллектті дамыту жылы болып жарияланды.
Президент жастардың жаңа технологияларды тек тұтынушы емес, оны жасап, дамытатын буын болуы қажеттігін үнемі айтып келеді. Бұл міндет бүгінде еліміздің әр өңірінде нақты жобалар арқылы жүзеге асуда.
Осындай игі бастамалардың бірі – Екібастұздағы «Ekibastuz Hub» бағдарламашылар клубы. Оның негізін қалаушы – небәрі 16 жастағы №18 жалпы орта білім беретін мектептің 10-сынып оқушысы Даниял Нұрымжан. Жас болса да, ол бірнеше жылдан бері ақпараттық технологиялар саласында ізденіп, цифрлық білім беруді дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді.
Даниялдың IT саласына қызығушылығы бастауыш сыныпта-ақ оянған. Екінші сыныптан бастап компьютердің жұмыс істеу қағидаларына, бағдарламалар мен веб-сайттардың қалай жасалатынына қызығып, алғашқы жобаларын әзірлей бастаған. Бастапқыда барлық білімді өз бетімен меңгеріп, интернеттегі ашық ресурстар мен бейнесабақтар арқылы білімін толықтырған. Кейін тәжірибе жинақтап, өз жобаларын жүзеге асырып, кәсіби деңгейін жетілдіруге арналған арнайы курстарда білім алған.
– Ең үлкен мектеп– тәжірибе. Тек теориямен шектелмей, нақты жобалар жасап, қателіктер арқылы үйрену кәсіби дамуға үлкен әсер етеді, – дейді жас бағдарламашы.
Жас өнертапқыштың қалыптасуына ғылыми жетекшісі Шарбану Ахауованың қосқан үлесі зор. Ұстазы оны IT әлемінің алғашқы қадамдарымен таныстырып, қабілетін дамытуға бағыт берген. Кейін Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Еркін Құсанмен кездесуі жаңа идеяларды жүзеге асыруға жол ашқан.
Үш жыл бұрын құрылған «Ekibastuz Hub» бүгінде жастардың IT саласындағы білімін жетілдіретін маңызды алаңға айналды. Мұнда бағдарламалау, веб және мобильді қосымша әзірлеу, стартап жобаларын іске асыру, хакатондар ұйымдастыру және жасанды интеллект құралдарын пайдалану бағытында оқыту жұмыстары жүргізіледі.
– Қазір тек бағдарламалау тілдерін меңгеру жеткіліксіз. Ең бастысы – жасанды интеллект мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланып, оны нақты міндеттерді шешуге бағыттай білу. Сонымен қатар жастарға жасанды интеллект адамның ойын алмастырмайтынын, оның тек жұмысты жеңілдететін көмекші құрал екенін үнемі түсіндіреміз, – дейді ол.
Бүгінде клубқа бастауыш сынып оқушыларынан бастап жоғары сынып оқушыларына дейін қатысады. Кіші жастағы балалар бағдарламалауды ойын элементтері арқылы меңгерсе, жоғары сынып оқушылары веб-сайттар мен мобильді қосымшалар әзірлеп, өздерінің стартап жобаларын дамытуға ден қойып келеді.
Даниялдың өзі де білім беру жүйесін цифрландыруға бағытталған бірнеше жобаның авторы. Соның бірі – мұғалімдерге арналған «MektepAI» жасанды интеллект платформасы. Қазіргі таңда оны 50 мыңға жуық қолданушы пайдаланады. Сонымен қатар ол педагогтарға жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдануды және vibe coding (жасанды интеллект көмегімен бағдарламалау) тәсілдерін үйретіп, жаңа технологияларды оқу үдерісіне енгізуге ықпал етіп келеді.
Бұдан бөлек, жас бағдарламашы «MektepCard» цифрлық платформасын әзірлеген. Жоба мектептердің цифрлық картасын қалыптастыруға, оқушылардың тамақтануын және бірқатар қызметтерді басқаруға арналған. Сондай-ақ, «Katusy.kz» жүйесі арқылы оқушылардың сабаққа қатысуын автоматты түрде есепке алу мүмкіндігі қарастырылған. Қазіргі уақытта ол оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға арналған «START» білім беру жобасын және балаларға жасанды интеллектті үйретуге арналған жаңа ауқымды платформаны әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жас бағдарламашының еңбегі түрлі деңгейдегі байқауларда жоғары бағаланып келеді. Ол облыстық информатика олимпиадасының жеңімпазы, республикалық ғылыми жобалар байқауларының жүлдегері, республикалық хакатондар мен түрлі IT жарыстар жеңімазы атанған.
«Ekibastuz Hub» қатысушылары да елеулі жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Соның бірі – клуб мүшесі Алина Гуменюк. Ол бірнеше хакатонға қатысып, өз платформасын әзірлеген. Қазіргі уақытта жобасын жетілдіру жұмыстарын жалғастырып, түрлі байқауларда табысты өнер көрсетуде.
Даниялдың айтуынша, алдағы мақсаты – IT және жасанды интеллект бағыты бойынша жоғары білім алып, Қазақстанның білім беру жүйесіне арналған заманауи технологияларды дамыту. Сонымен қатар балаларға арналған жасанды интеллект платформасын халықаралық деңгейге шығаруды көздейді.
Цифрлық дәуірде табысқа жетудің басты кепілі – білім мен жаңашылдық. Екібастұздағы осындай бастамалар Мемлекет басшысы айқындаған цифрландыру саясатының өңірлерде де нақты жүзеге асып жатқанын айқын көрсетеді. Ең бастысы – білімге құштар, ізденімпаз жастардың бастамалары мен жобалары еліміздің цифрлық болашағын қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Ділназ Серікбай








