Қазақты жәрмеңкеге «Ет бағасы қалай екен?» деген қызығушылық жетелейді емес пе.
11 шілде күні «Халық базарында» болған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне біз де көкейіміздегі осындай сұрақпен барған едік. Ет сөрелеріне таяп келгенде қабырғадағы «Жылқы етінің килосы – 3400 теңге, сиыр етінің килосы – 3400 теңге» деген бадырайған жазуға көзіміз түсті. Мұны көргенде, заманы бөлек көреген Мөңке бидің: «…Сиыр пұл болады» деген сәуегей сөзі санамызға сарт етті. Әйтеуір шіліңгір шілде болғанымен, базарда ет мол екен. Сөрелерді жағалап жүрген жұрт таңдағанын келісімді бағасына алып жатыр.
Екібастұз өңірі, Баянауыл мен Ақтоғай аудандары ауылдарынан жеткізілген сүт өнімдері де сықиып тұр. Сүт пен қаймақ, құрт пен ірімшік, қысқасы, ағарған іздеген адамға бәрі табылады.
Базар ішін шолып шыққан соң, сыртқа беттедік. Жеміс-жидек пен көкөністің мол кезі ғой. Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан, сонау Қырғызстаннан жеткізілген алма мен шабдалы, өрік пен абрикос, тағы-тағылары көз сүйсіндіріп, дастарханға сұранып тұр. Бағалары да қалта көтерерліктей. Жас алманың килосы – 600 теңге. Ал жас қияр мен қызанақтың килосын 450 теңгеден сатып алуға болады. Картоп пен пияз, қырыққабат саудасы да қызу.
Біраз адам фургонға ентелеп алғанын көріп, мойнымызды созып біз де үңілдік. Бір лоток жұмыртқа 1050 теңгеден саудаланып жатыр. Дүкендегіден әлдеқайда арзан болғандықтан, алушы да көп екен.
Шығар қақпаға жылжығанда езуіне шылым қыстырған саудагер әйелді байқап қалдық. Биік үстел үсті ысталған ет пен шұжықтың түр-түріне толы. Бір шетінде қалбырдағы бұқтырылған ет те қаланып тұр.
– Мұның бәрі Шығыс Қазақстан облысынан жеткізілді. Ал тушенка Беларусь елінде өндірілген. Дәмі көмей суырады, – деп мақтауын асырды әлгі әйел.
Иә, қазіргі уақытта кәсіпкерлер үшін жер шалғай болмай қалды емес пе. Бизнесін дөңгелету үшін тыным таппай, зыр қағып жүреді.
Әйтсе де әуелгі әңгімеге қайта оралайық. Жылдан-жылға өңірде Қамбар ата түлігінің саны Зеңгі баба түлігі санынан артып барады. Жылқы еті бағасының сиыр еті бағасымен теңесуі соның көрінісі болса керек. Біз Мөңке би тәрізді көреген емеспіз, қайсысының қымбаттай түсетінін уақыт көрсетер…
Ж. Бұланбай








