Қаламызда Жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен «EKB Music» жобасы аясында жастардың поэзия кеші өтті. Іс-шараға поэзия сүйер қауым жиналып, қазақ және әлем әдебиетінің көркем туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Кештің алғашқы бөлімі қазақ поэзиясына арналды. Сахна төрінде Манар Ерботина өнер көрсетіп, Толқын Қабылшаның «Жырлы жүрек», «Бұл өмір», сондай-ақ, Жанаргүл Қадырованың «Баянда тосам» және «Өлең болып өзіңді іздесем» шығармаларын оқыды. Ақындардың туындылары арқылы адам жанының толғанысы, махаббат пен үміт секілді мәңгілік тақырыптар көрерменге әсерлі жеткізілді.
Кештің екінші бөлімінде әлем поэзиясының жауһар туындылары оқылды. Сахнаға шыққан Салтанат Бесенова Сергей Есениннің «Заметался пожар голубой», Николай Заболоцкийдің «Некрасивая девочка», Анна Ахматованың, Яна Бражниктің және Эдуард Асадовтың шығармаларын мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ, Фарида Тілеубаева Александр Пушкиннің «Руслан и Людмила» поэмасынан үзінді, Константин Симоновтың «Открытое письмо», Николай Гумилевтің «Капитаны» және Владимир Маяковскийдің «Лиличка» шығармаларын тыңдаушыға әсерлі етіп жеткізді.
Кеште көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Салтанат Бесенова поэзияның өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.
– Бұл кеште орындаған шығармалардың барлығы жүрегіме жақын. Олар менің жан дүниемді бейнелейді. Тыңдарманға қандай қиындық кездессе де, жүректегі мейірім мен сүйіспеншілікті жоғалтпау керектігін жеткізгім келді. Әр адам өмірдің қысқалығын бағалап, өкпе-реніш пен ашудың орнына жақсылық пен шынайылықты таңдаса екен, – дейді ол.
Салтанаттың айтуынша, ол поэзиямен бірнеше жылдан бері айналысады. Бұған дейін түрлі концерттер мен қалалық мәдени іс-шараларда өнер көрсеткен. Оның поэзияға деген қызығушылығының қалыптасуына колледждегі әдебиет пәнінің оқытушысы Ольга Ильиничнаның ықпалы зор болған.
– Ұстазым мені поэзия әлеміне жетеледі. Ол әдебиетке деген сүйіспеншілікті оятып, сөз өнерінің тереңдігін сезінуге үйретті. Кейін Людовико Эйнаудидің классикалық шығармаларын тыңдай жүріп, поэзия мен музыканың бір-бірінен ажырамайтын өнер екенін терең түсіндім. Бұл кеш – екі жылдық үзілістен кейінгі алғашқы өнер көрсетуім болды. Осындай әдеби кештер жиі ұйымдастырылып тұрса екен. Өлең оқу арқылы адамдарға жан тыныштығы мен жылулық сыйлай алсам, соның өзі мен үшін үлкен бақыт, – дейді жас өнерпаз.
Поэзия кеші әдебиетке қызығатын жастардың басын қосып, сөз өнерінің құндылығын дәріптеген рухани алаңға айналды. Көрермендер әрбір шығарманы ерекше ықыласпен қабылдап, кеш соңында қатысушыларға ризашылық білдіріп, қошемет көрсетті.
Ділназ Серікбай








