Жаңартылған «Шахтер» саябағында қала әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі футболдан әлем чемпионаты ойындарының көрсетілімдерін ұйымдастырғаны екібастұздық жанкүйер қауым үшін тамаша сый болып тұр. Теңбіл доп додасы қанын қыздыратын сол қауымның көңіл-күйін сезіну мақсатында 10 шілде күні түнгі сағат 11.30-да «Шахтер» саябағындағы жарқыраған сахна түбінен табылдық.
Испания мен Бельгия арасындағы ширек финалдық ойынды тамашалауға жиналған жастар жағы ауа үрген жұмсақ орындық-қаптарға жайғасып, сусындарын әзірлеп, алдағы матчқа болжам жасауға кірісті. Солардың арасынан бірер таныс та кездесе кетті.
– Мен Ақкөл ауылының тумасымын, Нүриден Сәрсеновтің баласымын. ГРЭС-1 станциясында жұмыс істеймін. Өткен жолы осында Аргентина мен Мысыр ойынын көріп, бір ысынып, бір суынып едік. Ол жолы жанкүйер қарасы да көп болған еді, – деген Рахметолла жерлес қасындағы әріптесін Серік деп таныстырып, екеуінің де Испания ұлттық құрамасының жеңісін күтуде екендігін айтты.
Менің ішім Бельгия құрама командасына бұрып тұрған-ды. Бірақ жанкүйерлер ішінен маған жақтасатындар аз болып шықты. №36 лицей-мектебінің түлектері Береке мен Серікжан да, жасамыс жігіт Дидар да «қызыл фурияның» футболшыларын мақтап, әсіресе, жас пері Ямалды мадақтаумен болды. Осы тұста сахна төріндегі үлкен экраннан, оның екі жағындағы шағындау экрандардан футбол репортажы да көрсетіле бастады. Сөйтіп ду-ду еткен жанкүйер назары экранға ауды.
Айтпақшы, қазақ таңқалдырмай жүрмейді емес пе. Бұрыннан келіп жүрген ересектер жағы үйлерінен құрақ көрпелері мен бөстектерін бірге ала келіпті. Қиматастың үстіне соны төсеп, тартысты ойынды жата-жастана көріп мәз.
Негізі, футбол ойынын үйде оңаша көргеннен осылай көппен бірге көрген жақсы. Мұндай үрдіс батыс елдерінде ертеден қалыптасқан. Сол үрдістің төрткүл дүниенің бір пұшпағы – Екібастұз қаласына жеткені қандай ғанибет! Төңіректегі самаладай жарық шамдар, алаңды жағалай орналасқан дүңгіршектердегі сауда-саттық, түнгі салқын ауа ерекше аура тудырып, жанкүйерлердің шаттығын еселей түсті. Қысқасы, футболды «Шахтер» саябағында тамашалаудың артықшылығы көп екен.
Ал енді ойын нәтижесіне келер болсақ, Испания Бельгияны 2:1 есебімен жеңді. Сондай-ақ, жартылай финалға Испанияға қоса Франция, Англия мен Аргентина құрама командалары да өткені белгілі болды. Жартылай финалда Испания мен Франция, Англия мен Аргентина ойнайды. Бұл ойындарды да «Шахтер» саябағындағы үлкен экраннан тамашалауға болады.
Ж. Жәлелұлы








