Қоянды ауылында былтырдан бері денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатқанынан құлағы түрік көпшілік хабардар. Таяуда жолымыз түсіп спорттық нысанды көзбен көріп, көңілімізге қуаныш ұялады. Биыл күзде іске қосылатын ғимараттың сыртында да, ішінде де ауыл жастарының спортпен шұғылдануына толық мүмкіндік бар екен.
Екібастұз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі тапсырып берген спорттық нысанның құрылысын жүргізуші – павлодарлық «Промжилстройкомплекс» ЖШС.
– Спорт залдың биіктігі – 8,6, көлемі 550 шаршы метр. Ал ғимараттың жалпы көлемі 816 шаршы метр болады. Мұнда спорт залға қоса, спорттық құрал-жарақтар, бапкерлер, медицина қызметкері бөлмелері, сонымен қатар ерлер мен әйелдердің киім ауыстыру бөлмелері қарастырылған. Әр бөлмеде душ орнатылған, су елді мекендегі орталықтандырылған ауыз су құбырынан жеткізіледі. Ғимаратқа жылу электрқазандық арқылы беріледі, – деп прораб Біржан Ахмеров ғимарат ішін көрсетіп болған соң, бәріміз сыртқа шықтық.
Денешынықтыру-сауықтыру кешенінің аумағы кең екен. Прораб жігіттің айтуынша, бос алаңға қиматас төселіп, жасыл желек отырғызылады. Ал ғимарат қасындағы жазғы жасанды төсемді футбол алаңы мен тренажерлар алаңқайы әзір тұр.
Қазіргі уақытта мұнда электрик мамандар жарықтандыру жұмысымен айналысып жатыр. Енді бірер күнде сылақшылар бригадасы әрлеу жұмыстарына кіріспекші.
Қояндыдағы спорт кешені жобасының құны – 500 миллион теңге. Жоба республикалық және облыстық бюджеттер есебінен қаржыландырылып отыр. Биылғы жылы дәл осындай жобамен салынып жатқан спорт кешені Байет ауылында да пайдалануға берілмекші. Ол құрылыстың да мердігері – «Промжилстройкомплекс» ЖШС.
Байет ауылдық округінің әкімі Қанат Шайхысламның сөзіне қарағанда, нысан 90 пайызға дайын екен. Осылайша, биылғы жылы Екібастұз өңірінде қос спорттық кешен іске қосылып, ауыл жастарын қуанышқа кенелтпекші. Сондай-ақ, бірнеше адамның жұмыспен қамтылуы да ауыл үшін маңызды.
Айта кету ләзім, сонау Кеңес дәуірінде өңірде бірде-бір жабық спорт кешені болған емес. Ауыл жастары спортпен не мектептердің спорт залында, не жазғы спорт алаңдарында шұғылданушы еді. Енді, міне, кейінгі жас буын үшін тамаша сый жасалып отыр. Мұның өзі мемлекетіміздің жастарға қамқорлығын білдіреді емес пе. Әрі ел экономикасының жылдан жылға нығаюы – халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына тікелей ықпал етіп отырғанын көрсетеді.
Айтпақшы, бірнеше буынды спортқа баулыған спорт ардагері – ұстаз Қанат Жандарбеков бір әңгімесінде: «Ауыл-ауылда жабық спорт кешендерін салу, әрине, игілік. Сол кешендер жобасында бассейін қоса қарастырылса, нұр үстіне нұр болар еді» деп арманын жеткізген еді. Еліміз осылайша өркендей берсе, ауыл балалары бассейнде шомылатын күнге де жетеріміз хақ.
Ж. Сәдуақас








