Екібастұз қалалық мәслихатында мәслихат төрағасы Нияз Макраевтың төрағалығымен кезекті XLVII сессия өтті. Жиын барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралып, бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – 2026-2028 жылдарға арналған Екібастұз қаласының бюджетіне өзгерістер енгізу болды. Бұл жөнінде Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева баяндама жасады. Оның айтуынша, бюджетті нақтылау салық салынатын базаның ұлғаюына, облыстық бюджеттің түзетілуіне және мемлекеттік органдар арасындағы штат бірліктерінің қайта бөлінуіне байланысты жүргізілген.
Нәтижесінде заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерден мүлік салығы бойынша түсетін түсімдер 2 млрд 682,2 млн теңгеге артты. Сонымен қатар облыстық бюджетті нақтылау аясында қала бюджетіне 5 млрд 223,3 млн теңге көлемінде өзгерістер енгізілді. Қосымша қаржының басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларындағы жобаларды іске асыруға бағытталмақ.
Сондай-ақ, Экономика және қаржы бөлімінен Құрылыс бөліміне бес штат бірлігінің ауысуына байланысты 8,4 млн теңге көлеміндегі қаражат қайта бөлінді. Бұл қаражат тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, сондай-ақ, өзге де мемлекеттік мекемелердің қызметін қаржыландыруға жұмсалады.
Енгізілген өзгерістерді ескергенде, Екібастұз қаласының 2026 жылға арналған бюджетінің жалпы көлемі 100 млрд 911,8 млн теңгені құрады.
Сессия барысында депутаттар 2026 жылға арналған кондоминиум объектілерін басқаруға арналған жарнаның ең төменгі мөлшерін бекітті. Қабылданған шешімге сәйкес, жарна пайдалы алаңның бір шаршы метріне айына 41,26 теңгені құрайды. Аталған құжат Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары және жергілікті мемлекеттік басқару туралы заңнамаларына, сондай-ақ кондоминиум объектілерін басқару шығыстарын есептеу әдістемесіне сәйкес әзірленген. Есептеулерді «Ерай Сервис» ЖШС жүргізген.
Сонымен қатар сессияда халықты әлеуметтік қорғау саласында жаңа құқықтық актілердің қабылдануына байланысты бұрын қолданыста болған бірқатар нормативтік-құқықтық актілердің күшін жою туралы шешімдер бекітілді.
Ділназ Серікбай







