Екібастұзда қала аумағын санитарлық тазарту мен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қала әкімі Аян Бейсекин жауапты бөлімдер және мердігер ұйымдардың қатысуымен бірнеше нысанды аралап, көшелердің, кәсіпкерлік және өндірістік аумақтардың тазалығы мен күтіп-ұсталуына бақылау жүргізді.
Аралау барысында бірқатар көшелерде бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалғаны атап өтілді. Атап айтқанда, Қонаев көшесінің «Богатырь» және жылу электр орталығы бағытындағы бөлігі тазартылып, Марғұлан, Энергетиктер және Королев көшелерінде санитарлық жұмыстардың негізгі кезеңі аяқталғаны айтылды. Ендігі міндет – қол жеткізілген тазалықты тұрақты сақтау.
Қала басшысы құрылыс және кәсіпкерлік нысандарының іргелес аумақтарын күтіп ұстау мәселесіне ерекше назар аударды. Тексеру кезінде кейбір кәсіпкерлерге қоршауларды сырлау, ағаштарды әктеу, ретсіз өскен бұталар мен ағаштарды кесу, құрылыс қалдықтарын шығару және аумақты толықтай тәртіпке келтіру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Іргелес бес метрлік аумақтың тазалығы әрбір меншік иесінің жауапкершілігі екені ескертілді. Талаптарды орындамағандарға ескерту беріліп, белгіленген мерзімде кемшіліктерді жою міндеттелді.
Қаланы аралау барысында бұған дейін тазаланған бей-берекет қоқыс орындарының қайта пайда болуына жол бермеу мәселесі де көтерілді. Коммуналдық қызметтердің күшімен рұқсат берілмеген аумақтарға тасталған ірі қоқыс үйінділері тазартылғанымен, жекелеген жер телімдерінің иелері өз аумақтарын күтіп ұстауға салғырт қарағаны байқалды. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға мұндай нысандарды тұрақты бақылауға алып, тұрғындардың азаматтық жауапкершілігін арттыру қажеттігі тапсырылды. Заңсыз қоқыс тастағандарды анықтау үшін бейнебақылау жүйесін пайдалану және құқық қорғау органдарына жедел хабарлау қажеттігі де айтылды.
– Тазалық жұмыстары тек коммуналдық мекемелердің жұмысы емес. Өзіміз тұратын аумақты таза ұстау барлық тұрғындар мен кәсіпкерлердің ортақ міндеті екенін ұғынуымыз керек. Әрбір мекеме өз аумағын тұрақты күтіп, тазалық талаптарын сақтауы тиіс, – деген шаһар басшысы күнделікті күтім арқылы өңірді таза ұстау, жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру қажеттігіне назар аударды.
Тексеру барысында оң өзгерістер де ерекше аталды. Бірқатар аумақтарда құрылыс қалдықтары шығарылып, жер тегістелген, жол бойы мен тротуарлар тазартылған, көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Қала әкімі атқарылған жұмыстарға оң бағасын бере отырып, тазалықты тұрақты деңгейде сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Қаламызда өз аумағының тазалығы мен көркіне ерекше көңіл бөліп жүрген мекемелер де бар. Бұл бағытта өзгелерге үлгі болып жүргендердің бірі – Мәшһүр Жүсіп көшесі, 46 мекенжайында орналасқан «Нотариус» кеңсесі. Ұжым сенбілік күнін күтпей-ақ, кеңсе аумағын ретке келтіріп, арнайы жұмысшылардың көмегімен кіреберіс пен баспалдақтарды сырлатып, ғимараттың сыртқы келбетін жаңартқан. Мұндай игі бастамалар қаланың көркеюіне елеулі үлес қосады.
Дегенмен, кәсіпкерлердің бәрі бірдей мұндай жауапкершілікті сезініп отыр деу қиын. Тазалық мәдениеті тек рейдтер мен бақылаудың нәтижесінде қалыптаспайды. Қаланың шеткері аумақтарында тұрмыстық қалдықтарды бей-берекет тастау деректері әлі де кездеседі. Тазалықты «тексеру келеді екен» деген түсінікпен емес, өзіміз тұратын ортаның жайлылығы үшін сақтау әр тұрғынның азаматтық жауапкершілігі болуы тиіс. Бұл талап кәсіпкерлік нысандарына да қатысты. Өкінішке қарай, кейбір дәмханалар мен сауда орындары келушілердің көзі түсетін қасбетін ғана әрлеп, сырттай жылтырақ көрінуге тырысады. Ал ғимараттың артқы жағына айналып өтсеңіз, құрылыс қалдықтары, қоқыс, ретсіз өскен арамшөп пен күтім көрмеген жерге тап боласыз. Бұл сырт көзге тек бетін бояп, басқасын ұмыт қалдырғандай әсер қалдырады. Шын мәнінде, тазалық пен мәдениет маңдайшамен немесе әдемі қасбетпен өлшенбейді. Кәсіпкердің жауапкершілігі нысанның айналасының түгел ұқыпты ұсталуымен бағалануы тиіс.
Айта кетерлігі, қаладағы тазалық жұмыстары көпшіліктің назарын аударуда. Қала әкімі Аян Бейсекиннің инстаграм парақшасында жарияланған кезекті рейдтің бейнежазбасы 3 миллион қаралым жинап, еліміздің әр өңірінен қолдау пікірлеріне ие болды. Желі қолданушылары мұндай бақылау мен талаптың басқа қалаларда да қолға алынуы керектігін айтып, оң бағасын білдіріпті.
Санитарлық тазалық пен абаттандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Біз де өз тарапымыздан барлық мекеме мен тұрғындарды ортақ іске белсенді атсалысып, қаланың тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырамыз.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ








