Мұхтар Әуезов көшесінің бойымен жүріп өткен екібастұздықтардың көзі жол қапталында атқарылып жатқан қызу жұмысқа түседі. Мұнда қазіргі уақытта ескірген жылу құбырлары қазылып алынып, орнына жаңа құбырлар төселіп жатыр. Мердігер ұйым – «Grappa-Stroy» ЖШС -нің жұмыскерлері қуатты техникалар күшіне сүйене отыра ауқымды жұмысты тамыз айының соңына қарай аяқтап, содан соң қалпына келтіру жұмыстарына кіріспекші.
Сөз болып отырған жоба бойынша диаметрі 530 мм. жылу құбырлары диаметрі 630 мм. құбырлармен ауыстырылады. Қашықтығы – 1,693 километр, жоба құны – 1,9 миллиард теңге. №10 жылу магистралін реконструкциялаудан кейін жылу өткізу қабілеті бұрынғыдан 36,28 пайызға артады. Бұл жобаның әлеуметтік мәні зор. 43 көппәтерлі биік үй, 271 жеке меншік үй, 6 әлеуметтік мекеме мен 29 заңды тұлға сапалы жылумен қамтамасыз етілетін болады.
Жалпы, биыл жаз қала бойынша осындай төрт жоба қолға алынып отыр. Мәселен, №5 жылу магистралі де жаңаланады. Мұнда қашықтығы 1,005 километр жылу құбыры ауыстырылады. диаметрі 720 мм. Бұрынғы құбырлардың орнына диаметрі 1020 мм. жаңа құбырлар төселеді. Жоба құны – 2,1 миллиард теңге. Мердігер ұйым – «ПТСФ ДАНиЕР» ЖШС. Бұған дейін жылу құбыры сағатына 162 Гкал жылу өткізсе, ендігі уақытта 194,4 Гкал жылу өткізетін болады. Мұның өзі жаңа тұтынушылардың жылуға қосылуына мүмкіндік бермекші. Сонымен бірге, жоба жылумен жабдықтау жүйесінің гидравликалық және температуралық жұмыс режимін жақсартады. Осылайша, 7 көпқабатты үй, 559 жеке меншік үй және 17 заңды тұлға сапаалы жылумен қамтамсыз етіледі.
№11 жылу магистралі де модернизацияланып жатыр. Жаңа құбырлар төселетін учаске қашықтығы – 0,727 километр. Мұнда да тозған 530 мм. құбырлар 630 мм. құбырларға ауыстырылады. Жоба құны – 0,9 миллиард теңге. Мердігер ұйым – «ПТСФ ДАНиЕР» ЖШС. Жұмыс аяқталған соң жылу құбырының жылу өткізгіштігі 36,28 пайызға артып, 14 биік үй мен 27 заңды тұлға үздіксіз жылумен қамтылады.
№16 жылу магистралінде модернизацияны «Grappa-Stroy» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Мұндағы учаске қашықтығы – 0,828 километр. Жоба құны – 1 миллиард теңге. Диаметрі 426 мм. құбырлардың орнына диаметрі 630 мм. жаңа құбырлар төселеді. Сөйтіп жылу өткізу қабілеті 64,6 пайызға артып, 43 биік үй, 78 жеке меншік үй, 6 әлеуметтік нысан мен 45 заңды тұлға қыста қысылмайтын болады.
Жалпы, сөз болып отырған төрт жоба Екібастұз қаласының жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру мақсатында іске асырылып жатыр. Жобалар сәтімен жүзеге асырылған соң жылу тораптарында апат азайып, 2026-2027 жылдары жылу беру маусымын ойдағыдай өткізуге мүмкіндік артады. Сөз арасында айта кетейік, қаламыздағы магистральдық жылу тораптарының жалпы қашықтығы – 41,05 километр, кварталішілік тораптар – 427,14 километр. Жылу тораптарының тозу көрсеткіші – 78,32 пайыз. Сол себепті де жылу құбырларын жүйелі модернизациялау мен инфрақұрылымды жаңалау аса маңызды іс болып саналады. Осы орайда, 2023-2026 жылдар ішіндегі жөндеу науқанында қашықтығы 18,5 километр магистральдық жылу құбырларын жаңалау және қашықтығы 152,1 километр жылу тораптарын ағымдағы жөндеуден өткізу көзделген болатын. Жоспарланған осы жұмыстар рет-ретімен жүзеге асырылып келе жатқанын қала тұрғындары өткен қыста жақсы сезінген болса, биылғы қыста тіптен сезіне түспекші.
Ж. Жәлелұлы









