Екібастұз қаласында оңтүстіккореялық технология негізінде салынып жатқан ферроқорытпа зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Құны 208 миллиард теңгені құрайтын ауқымды инвестициялық жобамен салынып жатқан зауыт алғашқы өнімді 2027 жылдың алғашқы тоқсанында шығарады деп жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен келіп, жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Жауапты мамандар оған өндіріс орнының қазіргі жай-күйі, құрылыс жұмыстарының қарқыны және өндірістік жоспарлар туралы баяндады.
Бүгінде зауыт құрылысы соңғы кезеңге жеткен. Бұл туралы «Mineral Product International» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің даму жөніндегі директоры Дин Кимнің айтып берді. Қазіргі таңда негізгі технологиялық жабдықтардың барлығы сатып алынып, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. Биыл кәсіпорынды қажетті сыртқы инженерлік инфрақұрылымға қосу жұмыстары толық тәмамдалады.
Компания өкілінің мәліметінше, жыл соңына қарай іске қосу және сынақтан өткізу жұмыстары басталады. Жоба белгіленген кестеге сай жүзеге асырылып жатыр.
Зауыт халықаралық экологиялық талаптарға сәйкес жобаланған. Технологиялық шешімдерді Оңтүстік Кореяның инженерлік компаниясы әзірлеген. Бұл технология ферроқорытпа өндіру барысында шығатын көмірқышқыл газын төмендетуге мүмкіндік береді.
Өндірілетін өнім негізінен шетелдік нарықтарға бағытталады. Компания қазіргі уақытта Еуропа, Азия және АҚШ елдеріндегі әлеуетті серіктестермен келіссөздер жүргізілуде.
Жоба толық қуатына шыққан кезде Екібастұздағы кәсіпорын жылына шамамен 460 мың тонна ферроқорытпа өндіретін болады. Бұл өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, экспорт көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға айтарлықтай үлес қоспақ.
Кенже ҚУАТ








