Павлодар облысының Шарбақты ауданында өткен облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауында екібастұздық Нұрбол Ерболат жүлделі ІІ орынды иеленіп, 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.
Дәстүрлі байқауға Павлодар облысының қала-аудандарынан іріктелген 12 үміткер қатысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, өнер мен білімді, күш пен ептілікті ұштастырған бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Қатысушылар аударыспақ, садақ ату, автоматты бөлшектеп-жинау, өнер көрсету және сұрақ-жауап кезеңдерінде бақ сынасты.
Екібастұз қаласына қарасты Қоянды ауылының тумасы Нұрбол – Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Музыкалық білім беру мамандығында білім алып жүрген студент. Ол байқауға қатысу үшін алдымен Павлодар облыстық «Шаңырақ» шығармашылық орталығында кастингтен сәтті өткен. Айта кетерлігі, Нұрбол бұған дейін, 2023 жылы Екібастұз қалалық «Жігіт сұлтаны» байқауының жеңімпазы атанған болатын.
Қатысушының айтуынша, облыстық додаға дайындық бір айға созылып, осы уақыт аралығында ұлттық спорт түрлері мен шығармашылық бағыттарға ерекше көңіл бөлінген.
– Байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әр өңірден келген жігіттердің барлығы білімді, өнерлі екен. Аударыспақ кезеңінде 12 қатысушының арасынан топ жарып, бірінші орынды иелендім. Өнер бөлімінде халықтың «Беу, айдай» әнін орындап, өз өнерімді көпшілікке ұсындым. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға жан-жақты қолдау көрсетіп, жақсы қырынан танылуына жағдай туғызды. Бұл байқау мен үшін үлкен тәжірибе мен ұмытылмас әсер сыйлады, – дейді Нұрбол.
Байқаудың бас жүлдесін Екібастұз қаласының намысын қорғаған Нұрсұлтан Ахылбек жеңіп алды. І орын Шарбақты ауданының өкілі Алтынбек Жұмадировқа бұйырса, ІІІ орынды Ақтоғай ауданынан келген Рақымжан Шайқағали иеленді. Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық үміткер түрлі аталымдар бойынша марапатталды.
Ділназ СЕРІКБАЙ








