СЕНІҢ ЖОЛЫҢ – МӘШҺҮР ДАҢҒЫЛЫ!
Қазақ руханиятының құбыласындай болған «Абай жолы» эпопеясында қарапайым да салмақты эпизод бар. Оқудан оралған жас Абай ерекше сағынышпен шешелеріне бет алғанда, анасы Ұлжан баласын: «Әуелі әкеңе сәлем бер!» – деп бұрып жібереді. Иә, қазақ сөйтетін еді баяғыда. Әкенің қадір-қасиетін осындай бір болар-болмас, көрінер-көрінбес әрекеттермен асқақтатып, тұғырлы ететін. «Әкең келе жатыр!» – дейтін бір ауыз сөзді тұтас дәстүрдің мектебіне айналдыратын. Оның бәрі қазіргілерге ертегідей болып көрінеді.
Әлеуметтік желіні ашып қалсаң – әкесін сүйрелеп ұрып жатқан залымдар, күйеуін ұрып өлтіріп, өртеп жібергендер, туған яки өгей баласын зорлаған азғындар, тағысын-тағылар.
Жасыратыны жоқ, осының бәрін көргенде, «Біздің қоғам енді осылай іріп-шіри бере ме?» деген қорқынышты ойдың жетегінде кетесің. Десе де жанұядағы тәрбие, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы, әкеге сыйластық тақырыбын ту етіп көтеріп, саналы ғұмырын қазақ қоғамының жоғалтқанын табуға, қиратқанын бүтіндеуге арнап жүрген тұлғалар бары көңілге қуаныш ұялатады. Дәл осы тұрғыда өз басым «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің тәрбие төңірегіндегі үнін жиі естимін. Бірде шахталы шаһарымызда бірлестіктің «Әке – отбасының тірегі» атты форум ұйымдастырғанына куә болдым.
– Тәрбиелі ұрпақ – елдің болашағы, ал оны қалыптастыру ең алдымен отбасынан басталады. Бұл ретте әкенің рөлі айрықша. Әке – тек асыраушы емес, ол – тәрбиеші, бағыт-бағдар беруші, бала бойында өмірлік ұстаным қалыптастыратын негізгі тұлға. Баланың мінезі мен дүниетанымының қалыптасуында әкенің ықпалы орасан зор. Алайда бүгінгі бала материалдық дүниеден бұрын әкенің мейіріміне, жылы сөзі мен шынайы көңіліне мұқтаж. Бала үшін ең үлкен құндылық – ата-ананың назары мен қамқорлығы. Әке ретінде жауапкершілікті тек табыс табумен ғана өлшеуге болмайды. Әрбір әке баласының ішкі жан дүниесіне үңіліп, оны тыңдай білуі тиіс, – деп толғанған-ды сонда бірлестік басшысы Нұркен Асанов.
Бұл сөздер бұдан бұрын да талай отырыстарда, талай тәрбие сағаттарында айтылған болар. Біз де газет бетінде талай жазған шығармыз. Алайда осы жолы тәлімді сөздер алқалы жиында, көпшіліктің алдында Нұркен Асановтың ғана емес, қала әкімінің де аузымен айтылды.
– Бүгінде өңірімізде 40-қа жуық әкелер кеңесі жұмыс істейді, олардың құрамында 320-дан астам белсенді азамат бар. Бұл – қоғамдағы жауапты әкелер қатарының артып келе жатқанын көрсетеді. Мықты отбасы – мықты қоғамның негізі, – деген еді сонда шаһарымыздың басшысы Аян Бейсекин.
Иә, журналист ретінде Екібастұз өңірі мектептеріндегі әкелер кеңесінің ұтымды жұмыс істеп жатқанынан және оларға «Сенімен Болашақ» бірлестігі бағдаршы екенінен хабардар едім. Дегенмен тәрбие тақырыбына мінберден әкімнің бұлайша араласуы – тамаша жаңалық.
Менің көргенім әдеттегі жиын емес, бұл – талай жылғы жүйелі еңбектің, төгілген тердің жемісі, тәрбие тегеурінінің құрыштай шыныға түсуі. Бірлестік қанатының астына еліміздің түкпір-түкпірінен шоғырланған 160 мыңға жуық ата-ана мүддесінің бір мақсатқа бағытталу шеберлігінің нәтижесі.
Бірлестік өз сайтында мақсатын айшықтап жазған екен: «Сенімен Болашақ» РҚБ-нің негізгі мақсаты – қоғамның болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі ортақ жауапкершілігін күшейту, азаматтық сананы дамыту және Қазақстанда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу. Біз саналы ата-ананы тұлға қалыптастырудың, құндылықтарды орнықтырудың және ел болашағын айқындайтын азаматтарды тәрбиелеудің маңызды қоғамдық институты ретінде қарастырамыз. Бұл бағыт ұлттық болмыс пен тарихи жадымызды сақтай отырып жүзеге асуы тиіс деп сенеміз».
Мұның бәрі сайтты әрлеу үшін жазыла салған жаттанды, жылтырақ сөздер емес. Бұл – нақты әрекеттермен дәлелденіп, нәтижесін беріп келе жатқан салиқалы ұстанымдар.
Біз әдетте әлеуметтік желідегі әлем-жәлемді жылдам байқаймыз. Мәселен, біреулерге тосыннан баспана беріліп жатса немесе Олимпиада жеңімпазына көлік беріліп жатса. Бірақ іргетасын қалауға онжылдықтар жұмсалатын кісілік құндылықтар әлемі назардан тыс қала береді. «Сенімен Болашақ» бірлестігінің де жұмысы дәл осындай, көзге көрінбей атқарылып жатқан шаруа.
Бірде Павлодар қаласында өткен ғұлама, этнограф, дінтанушы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы шығармаларының бес томдық таңдамалы жинағының тұсаукесеріне куә болдым. Жинақты жарыққа шығарушы «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы және идея авторы Нұркен Жарылқапұлы екен. Мәшһүр бабамыздың 165 жылдық мерейтойына орай Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты құрастырған жинақта Мәшһүр Жүсіптің өлеңдері, ой толғамдары, аңыз-әпсаналары, дастандары мен діни ғибратнамасы бар. Ғаламат қазына еліміздегі 100 мектеп, 100 мешіт пен 100 кітапханаға тегін таратылды. Иә, бұл жаңалықтың дақпырты әлеуметтік желілерде өзіміз жоғарыда атаған пәтер немесе көлік сыйлаған меценаттардай дабыраланған жоқ. Бірақ қаншама қазақ рухани тәрбие алып, сусындап, ғибрат жиды десеңізші! Материалдық қайырымдылықтан рухани қайырымдылықтың артықшылығы да осында емес пе!
«Сенімен Болашақтың» мен білетін бір тамаша насихатшысы бар, ол – қаламгер Серік Елікбай аға. Серік ағамыздың Нұркен Асановқа арнаған ой толғаулары, меніңше, бір кітапқа жүк. Оны «Сенімен Болашақтың» ғибратнамасының қысқаша фабуласына да ұқсатамын. Тебіренбей оқу мүмкін емес. Өзің көрмеген Нұркенді осыдан соң танымаймын деу де өтірік болады. «Қадірлі Нұркен інім!» деп ерекше леп естіре басталатын жолдар былай өріліп кете барады:
– Жанұя қадірі деп аталар ұғым бар. Өзгеше таным. Қай-қай ұлт осыны ұстанады – жойылмағы мүмкін емес! Осыны ұстанарлар мемлекетке айналады. Түбі.
Мысалы, Рим империясы. Екі ұлдан басталған отбасы Римді жасады да, алып мемлекетке айналды. Шыңғыс ханның кек алмақ ниеті жақтастар тапты да, меркіттерді әлсіретті. Тоғрылды «әке» деген ұл ұлы тілекпен әлемге сөзі мен қылыш жүзін өткізді. «Мен сенің ұлыңмын» деген сөз бағынамын деген ұғым болатын. Аяғында Тоғрылдың ажалы сол ұлынан болды…
Аттиланы құшағына кірген әйелі өлтірді!
Зарина әйелдіктен бас тартты. Мемлекет үшін. Аяғы құрдым…
Томирис ұлы үшін парсы патшасының басын алды!
Сталин «ұлттар әкесі» болса да, тұтқынға түскен өз ұлынан бас тартты…
Бұған дейін әйелі атылып қалған болатын.
Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Еуропаны халқынан алыстап кеткен «жанұялар» билеп тұрған.
Өкінішке орай, бізде де бұл жалғасын тапты…
Отанды ұмытқан биліктегі отбасы – тәуелсіздігімізге қауіп.
Біздің қаларымыз – тәуелсіздікке қызмет етер қарапайым отбасылар!
Әлемге шашылған сығандар отбасылық танымын жоғалтпай, жойылмай келе жатыр… Етігі қанға, етегі жасқа толы шешен жұрты да отбасын аман сақтап, әзір ұлт жүрегі соғып тұр.
Ұйғырлардың үйелменіне қытай өкіметі жоспарлы түрде кіруде…
Сондықтан ұлт отбасын сақтау – басты ісіміз!
Ой көп…
Іс одан да көп!
Ортақ істің көшбасшысы өзіңсің, Нұркен інім!
Сәттілік!».
… Жалпы, біздің қоғамда, өзің жете білмесең де, іс-әрекетімен, адал еңбегімен еріксіз мойын бұрғызатын тұлғалар мен топтар бар. Танымасаң да, адамзат игілігі жолындағы әлдебір қадамдарына тамсанып қалғаныңды аңдамайсың. Менің өмірімдегі «Сенімен Болашақ» – осындай, қарымды істерімен еріксіз мойындатқан ұйым. Көркем қадамдарына үңіле-үңіле, қалай жақындап кеткеніңді өзің сезбейсің. Сүйсінесің, үлгі аласың, «Бәрекелді!» – дейсің.
Қоғамдық бірлестіктің 16 өңірлік филиалы, 50-ден аса сарапшысы бар екен. Жұмыс бағыттары, атқарған шаруалары сайтта менмұндалап сайрап тұр. Әлдекімге психолог көмегі қажет болса, оны да қамтамасыз етеді дегендей. Бес жыл ішінде өткізген 500-ден аса іс-шарамен де осы жерден таныса аласыз. Журналистер жазған материалдарда да қаншама мәлімет айтылған. Бір сөзбен айтсақ, сан саланы қамтыған бірлестіктің қалғыған сәті жоқ! Бұл жағынан алғанда, бірлестіктің қай қырынан сөз қозғарыңды білмей қаласың. Десек те Нұркен замандасымыз жасаған мына бір игілікті істер алтын әріппен жазарлықтай:
Алаштың алдында баба ісінің жалғаушысы болып, Құнанбай салдырған Қарқаралы мешітіне көмек қолын созған Нұркен Жарылқапұлы еді!
Ақшоқыдағы Құнанбай үйінің қызметшісі болып жүрген мосқал апамыздың үй жалдап жүргенін естіп, баспанаға қаражат берген Нұркен Жарылқапұлы еді!
«Абай ғибратнамасы» кітабын шығарып, ел кітапханаларына тегін таратып берген де осы Нұркен Жарылқапұлы еді!
Өзім тілдесіп көрмеген Нұркен Асановтың бойындағы мен бағалайтын бір қасиеті адам танығыштығы дер едім. Яғни, «Сенімен Болашақтың» құрамына адал, ұлтжанды адамды тарта біледі, тартатын адамды көре біледі. Олай дейтінім, бірлестікке біздің аймақтан Еркеғали Жанғазы, Перизат Құрманәлі сынды елім деген, тілім деген қарапайым да халықшыл, еңбекқор, өз ұстанымына адал азаматтарды әкелді. Әлбетте, біз бұл азаматтарға сенетіндіктен, «Сенімен Болашаққа» деген құрметіміз бен сеніміміз арта түсті. Небір әсіребірлестіктер мен төсбелгі таратқыш жалған патриот ұйымдардан қалған көңілімізге осындай саналы сайыпқырандар жалау іспетті.
Сөзімді Серік Елікбайдың «Сенімен Болашақтың» преамбуласына ұқсайтын мына бір сөзімен түйіндегім келеді:
«Бүтін ұлттың салмағын алу – Алып жүректің де ісі!
Жаратушыдан келген өзгеше салмақ бұл…
«Осыны істе» деп ешкім айтпаса да, таңдап алмаса да, сайланып шығу – өзің ғана білер зіл мен батпан!
«Сенімен Болашақ» – Нұркеннің Рух перзенті, Ақыл нәрестесі! Бұған талас жоқ.
Бұл – отбасын қорғар жалғыз парасат ордасы!
Сенің жолың – Абай жолы…
Сенің жолың – Мәшһүр даңғылы!
Иығын ақ қар басқан ақ шыңыңа ақ жол тіледім!
Біз біргеміз!».









