Ертеден имандылықтың ұясы болған Ақкөл ауылында 6 шілде күні халықты салауатты өмір салтын ұстануға үндеген маңызды шара өтті. Шараны «Арақсыз ауыл» жобасы аясында Ақтоғай кентіндегі Жандарбек қожа атындағы мешіттің бас имамы Ахметолла қажы Қожахметов ұйымдастырды.
Ахметолла қажының арғы аталары – қожалар, ол – әулие Исабек ишанның ұрпағы, Жандарбек қожаның баласы, Ақкөл ауылының тумасы, Ақкөл-Жайылма өңірінің Қылдыкөлдегі «Исабек ишан» діни-мәдени кешенінде атқарылған игі істерге ұйытқы болып жүрген азаматтың бірі. Ел ішінде діни құндылықтарды дәріптеген, шариғат жолымен жүруді уағыздаған бабалары сияқты, Ахметолла қожа да жас ұрпақтың жан-дүниесінің таза болуын, жаман әдет-ғадеттен аулақ болуын қалайды. Осындай мұрат-мақсатпен Ақкөлге ат басын бұрған Ахметолла имамды ауылдастары қадірлеп күтіп алып, «Арақсыз ауыл» жобасына қолдау білдірді. Іс-шара барысында алкогольдік ішімдіктердің қоғамға зиянын тигізіп, отбасын ойрандап, жас буынның санасын улайтыны жайлы әңгіме өрбіп, арақтан аулақ болуға шақырған саналуан пікірлер айтылды.
Ел-жұрттың талқысына салынған бастаманы өміршең етуді Екібастұз қаласы мешітінің найб имамы Төлеген Мұратұлы да қолдап, Павлодар қаласындағы Иса Байзақов атындағы облыстық филармония әншілері Бауыржан Ахметов, Баймырза Аманбайұлы адамдарға рухани қуат беретін тағылымды әндерді шырқап, шараның шырайын келтірді.
«Арақсыз ауыл» іс-шарасына жиналған қауым кәсіпкер Совет Жақсыбергенов демеушілік еткен дастарханнан дәм татып, ауыл өмірінен арақты аластауға бәтуаласты.










