1-6 шілде аралығында Қостанай қаласында ағайынды Орал және Қорған Әйтеновтерді еске алуға арналған халықаралық турнир өтті. Жарысқа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан,Тәжікстан, Өзбекстан, Ирак пен Германияның жас боксшылары қатысып, бабы мен бағын байқасты. Сөз болып отырған турнирде Павлодар облысының намысын Екібастұз қаласынан №3 БЖСМ спортшылары Уәлихан Рамазанов (50 кило) пен Руслан Әдихан (55 кило) қорғады.
Біздің қос боксшы ішінде Уәлихан Рамазанов шеберлігімен танылып, тамаша өнер көрсетті. Тек жартылай финалда осы жарыстың жеңімпазы атанған алматылық Едіге Қартабайға ғана есе жіберді. Айта кетерлігі, Едіге Қартабай – биылғы Қазақстан чемпионатының финалисі.
Сонымен, 50 кило салмақ дәрежесінде мына боксшылар жүлдегер болды:
I орын – Едіге Қартабай (Алматы қаласы);
II орын – Алмаз Жүсіпов (Солтүстік Қазақстан облысы);
III орын – Уәлихан Рамазанов (Павлодар облысы);
III орын – Диербек Уролов (Өзбекстан).
Осы турнирде шаршы алаңда өнер көрсеткен Руслан Әдихан алғашқы жекпе-жегінде ресейлік боксшыны жеңгенімен, келесі айналымда жарыс жеңімпазы атанған Қостанай қаласының спортшысы Айдос Үсеновке ұтылып қалды.
Сөз соңында спортшыларды жарысқа дайындаған бапкерлер: Андрей Генш, Серік Жакупов және Оралбай Жаксинов екенін айта кету ләзім.
Ж. Бұланбай











