Жаңа оқу жылына дайындық аясында өңіріміздің білім беру ұйымдарында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл тағы екі мектепте күрделі жөндеу қолға алынып отыр екен. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова әңгімеледі.
Бұған қоса, өңірде тағы 28 білім беру мекемесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында жылу жүйелері жаңартылып, терезе блоктары ауыстырылуда, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері ретке келтіріліп, шатырлар мен электр желілері жөнделуде. Сондай-ақ, жеті мектепте су жылыту қазандығын ауыстыру жұмыстары қолға алынған.
Биыл күрделі жөндеу жұмыстары №35 гимназия-мектебі мен Сарықамыс жалпы орта мектебінде жүргізілуде.
№35 гимназия-мектебінде ғимараттың шатыры толық жаңартылып жатыр. Үш айға жоспарланған жобаны «АСТ-Технология» ЖШС жүзеге асыруда. Қазіргі таңда металл жабынды төсеу, шатырдың ағаш қаңқасын орнату, ескі шифер мен ағаш жабындарын бөлшектеу және шатырды құрылыс қалдықтарынан тазарту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні жөндеу жұмыстарының 78 пайызы аяқталған. Нысанды 25 шілдеге дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ал Сарықамыс жалпы орта мектебінде ғимараттың қасбеті жаңартылып, барлық терезе блоктары ауыстырылды және жылу жүйесі толықтай жаңғыртылды. Сонымен қатар қасбет заманауи жылу оқшаулағыш материалдармен қапталып, сайдинг орнатылды, жаңа радиаторлар, жылыту құбырлары, сыртқы есіктер мен терезелер қойылып, ғимарат айналасына су өткізбейтін қорғаныш төсемі жасалды. Жобада көзделген жұмыстар толық аяқталып, бүгінде мектеп ішінде әрлеу және сырлау жұмыстары жалғасуда.
Білім бөлімінің басшысы Лаура Аманқызы білім беру ұйымдарын жаңғырту жұмыстары нақты жоспар аясында кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Біздің басты қағидамыз – алдымен мектептердің негізгі инженерлік жүйелерін қалыпқа келтіру. Егер шатырдан су өтіп, жылу немесе электр жүйесі талапқа сай болмаса, сыртқы әрлеудің ешқандай пайдасы жоқ. Сондықтан ең алдымен шатырды, жылу жүйесін, электр, су және кәріз желілерін ретке келтіреміз. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін ғана ғимараттардың ішкі және сыртқы әрлеуіне кірісеміз. Бұл – білім бөлімінің даму жоспарының негізгі бағыты, – дейді бөлім басшысы.
Оның айтуынша, соңғы жылдары Құдайкөл, №14 мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Биыл Сарықамыс мектебіндегі көп жылдан бері қордаланған жылу жүйесі мәселесі толық шешіліп, мектептің барлық ағаш терезелері пластик терезелерге ауыстырылды. Ал №35 мектепте ұзақ жылдар бойы өзекті мәселе болған шатырға күрделі жөндеу жүргізілуде. Сонымен қатар №6 арнайы мектептің де шатыры толық жаңартылып жатыр.
Биыл №26 мектепте кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы ғимараттың бірінші қабаты жөнделсе, биыл екінші қабатты жаңарту жоспарланған. Мұнда да электр жүйесі жаңартылып, есіктер түгел ауыстырылуда. Асхананың ас дайындау бөлігінде де жөндеу жүріп жатыр екен. Сонымен бірге мектеп аумағы абаттандырылып, қоршаулары жаңартылған. Мектеп басшысы Айнұр Букенова жөндеу жұмыстары айдың аяғына дейін тәмамдалатынын айтты.
№18 мектепте де абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы футбол алаңы пайдалануға берілсе, биыл қосымша спорт алаңдарын салу және аумақты асфальттау жұмыстары жүргізілуде. Мектептің жертөлесіне жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталып, белгіленген мерзімде тапсырылды. Бұл жобалардың бір бөлігі бюджеттен тыс қаржы көздері есебінен жүзеге асырылып отыр. Үлкен және кіші спорт залдары, шахмат кабинеті, акт залының грим бөлмесі мен кітапханадағы желдеткіш жүйелерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар мектеп аумағын абаттандыру, футбол алаңының айналасына тартаннан жүгіру жолын төсеу және ғимараттағы ПВХ терезе мен есік блоктарын ауыстыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Ауыл мектептеріне де ерекше көңіл бөлінді. Майқайың мектебінде терезелер мен жылу жүйесі жаңартылып жатса, Ақкөл және Бесқауға мектептерінде жылу жүйелері қалпына келтірілуде. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар да жалғасып жатыр.
– Әдетте жөндеу жұмыстары туралы жоспар құрылғанда әр мектептің болашағы мен оқушы саны ескеріледі. Дегенмен қай мектеп болмасын, балалардың қауіпсіз әрі жылы орында білім алуына қажетті ең төменгі инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес алдағы жылдары да жалғасады, – деді бөлім басшысы.
Жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар жаңа оқу жылын сапалы жағдайда бастауға, білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсартуға және оқушылар мен педагогтер үшін қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған. Алдағы уақытта балабақшаларды жөндеу де қолға алынбақ. Әзірге олардың жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда.
Гүлсана Медеубайтегі









