Екібастұз тарихи-өлкетану музейінде өткен іс-шара осылайша аталды. Ұлттық домбыра күніне арналған іс-шараны музей маманы Ерлан Қабдылов ұйымдастырып, Қанағат Оразқұлова жүргізді.
Шақырылған қонақтар алдында жас әнші Серік Санжар домбырада Нұртуғанның «Кәнеки, тілім, сөйлеші» термесін орындап, зор даусы, құлаққа жағымды мақамымен сүйсіндірді. Бүгінгі күні ұлттық аспапты серік етіп, өнер жолына қадам басқан қазақтың ұл-қызы көп. Қаршығадай қомданған Серік Санжар Мәдениет саласының үздігі, танымал әнші-ұстаз Ләззат Сәлиқызының шәкірті екен. Талапты баланың шығармашылықпен шұғылданатынын да айта кету ләзім. Бұған ол әні мен сөзін өзі шығарған «Жасай берсін қазақтың халық әні!» толғауын орындағанда көзіміз жетті.
Айтпақшы, шара үстінде қара сөздің жүйрігі Серік Занов жас әншіге батасын беріп, тұсау кесу ырымын жасады. Энергетик Серік Заңұлының өнерлі де шежіреші азамат екенін өңір халқы жақсы біледі. Қазақтың қара домбырасын қолына алған Серік әнші-сазгер Естай ақынның «Құсни-Қорлан» әнін әуелете әуезді ете шырқап берді. «Әйгілі әнді осылайша орындауды бала күнімде төртүйлік ақсақал Жылқыбай Мұқатовтан үйренген едім», – деді ол әңгімесінде.
Музейдегі іс-шара қонақтары ішінде «Достық үйінің» апа-әжелері де болды. Аталмыш мекеменің директоры Архат Илеубаев «Біздің елдің жігіттері…» әнін айтып берген соң:
– Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері мерекеленуде емес пе. Биыл біз де алғаш рет «Достық» үйінде осы датаға орай іс-шара өткіздік. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, домбыраның қадірі мен қасиетін ұқтыру – міндетіміз, – деп сөзін түйіндеді.
«Достық үйінен» келген Бәтима апа Мұқажанова да қазақтың домбырасын қадір тұтқан өнерлі жан екен. Жиналған қауымның қолпаштауымен ән шырқап, іс-шара соңында Әмен Қайдаров түсірген «Ақсақ құлан» мультфильмі көрсетілді.
Ж.Бұланбай









