7 шілде күні Екібастұз қаласында Жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Жасыл ел» еңбек жасағының ашылуы өтті.
Іс-шарада сөз сөйлеген Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Еркін Құсан қатысушыларды жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтап, «Жасыл ел» жобасының жастарды еңбекке баулудағы, қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызына тоқталды.
Биыл Екібастұз қаласында «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы жергілікті және облыстық бюджеттер есебінен қаржыландырылады. Жоба аясында барлығы 180 квота бөлінген. Оның 130-ы облыстық, 50-і жергілікті бюджет қаражаты есебінен. Бағдарламаға көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан жастар тартылып, жазғы демалыс кезеңінде уақытша жұмыспен қамтылып отыр.
Жергілікті бюджеттен бөлінген 50 квота бойынша қала жастарына ай сайын 110 мың теңге көлемінде жалақы төленеді. Оның 75 мың теңгесі негізгі еңбекақы болса, 35 мың теңгесі үстемақы ретінде қарастырылған. Қатысушылар күніне төрт сағат еңбек етіп, арнайы жұмыс киімі және қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Ал ауылдық елді мекендердің жастары екі сағаттық жұмысқа тартылып, 35 мың теңге көлемінде еңбекақы алады.
Маусымдық еңбек 31 тамызға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында жастар экологиялық жасақ, ауыл жастарының жасағы және волонтерлік топ бағыттары бойынша еңбек етеді. Волонтерлік топтың жұмысы негізінен тамыз айында жүргізіледі. Салтанатты рәсім барысында «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздарына арнайы жұмыс киімдері табысталды. Жұмыс киімдері Шиқылдақ ауылы, Төртқұдық ауылдық округі, Солнечный кенті, Әлкей Марғұлан ауылы, Ақкөл, Сарықамыс, Теміржол ауылдық округтері мен Шідерті кентінің жасақ мүшелеріне берілді.
Жазғы еңбек маусымының ашылуымен қатар жастардың экологиялық мәдениеті мен табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру мақсатында «ECO SANA» зияткерлік ойыны ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды. Сонымен қатар, іс-шара аясында тұрмыстық қалдықтарды қайта пайдалану мәдениетін насихаттауға бағытталған «Taza Orta» экологиялық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңке барысында тұрғындар өздеріне қажетсіз заттарды басқа бұйымдарға айырбастап, жауапты тұтыну және қайта пайдалану қағидаттарын қолдады.
– «Taza Orta» бастамасы жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдысын нығайтады. Табиғатты қорғау – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан экологиялық жауапкершілікті күнделікті өмір салтына айналдыруды көздейміз, – деді «Жаңа жастар» волонтерлік тобының мүшесі Айғаным Алтай.
Экологиялық бастаманы қолдау мақсатында ұйымдастырылған акция барысында пластикалық бөтелкелер тапсырған әрбір қатысушыға балмұздақ таратылды. Шара соңында мектеп оқушылары арасында викторина ұйымдастырылып, жастардың қатысуымен флешмоб өтті. Жастардың бастамасымен жүзеге асырылған мұндай жобалар қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатты қорғау бағытындағы қоғамдық белсенділікті арттыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға ықпал етуде.
Ділназ Серікбай









