Қазақ халқының рухани болмысы мен ұлттық мәдениетінің ажырамас бөлігі саналатын домбыра – ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұра. Оның қос ішегінен төгілген күй мен ән халқымыздың тарихын, дүниетанымын, салт-дәстүрі мен өмірлік құндылықтарын бүгінгі күнге жеткізіп келеді. Осы ұлттық құндылықты ұлықтау мақсатында 2018 жылдан бері шілде айының алғашқы жексенбісі Қазақстанда Ұлттық домбыра күні ретінде аталып өтуде.
Осыған орай 5 шілде күні «Шахтер» саябағында «Домбыра жүрегіммен үндес едің…» атты мәдени кеш өтті. Мерекелік іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтары жиналып, ұлттық өнерге деген құрметтерін білдірді. Ашық аспан астында қоңыр домбыраның үні қалықтап, әуезді ән мен күмбірлеген күй мерекенің сәнін келтірді.
Концерт шымылдығын «Мұрагер» халықтық вокалды-аспаптық ансамблі ашып, көрермен назарына «Әгугәй домбыра» және «Туған жер» әндерін ұсынды. Одан әрі Сұңғат Көпежанов орындаған «Сары бидай», «Бекзатым-ай» халық әндері, Даниял Жақсыбаевтың орындауындағы «Ардақ», «Ғалия», «Ағаш аяқ» және «Көкаршын» шығармалары ұлттық ән өнерін көпшілікке паш етті.
Шарада күй өнеріне де ерекше орын берілді. Кеш барысында «Тұмар» вокалдық тобы «Навои Шарк» шығармасы мен Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйін орындап, қазақтың күй өнерінің терең мазмұны мен әуезді әсемдігін жеткізе білді.
Кеш барысында Болатбек Шаланов халықтың «Бұлбұлым» әнін, Сайлаубай Тілек Қапездің «Үш меркі», Ақан серінің әйгілі «Балқадиша» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар Павлодар қаласынан келген «Рух» этно-mix ансамблі ELIM-AI, RUH, SHAT ORTE, KAMAZHAI және ADAI композицияларын орындап, ұлттық әуен мен заманауи музыкалық әуен үйлесімін көрермен назарына ұсынды.
Ұлттық домбыра күні аясында Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен еліміздің 20 өңірінде ұйымдастырылған республикалық шығармашылық акция да кеңінен қолдау тапты. Игі бастама аясында әр өңір өзінің күйшілік мектебі мен мәдени мұрасын таныстырып, ұлттық өнерді дәріптеуге үлес қосты. Акция «Күй шақыру» челленджімен жалғасып, өнерпаздар әлеуметтік желілерде күй орындау арқылы ұлттық музыканы кеңінен насихаттады.
Ділназ Серікбай











