Екібастұз қаласында колледж түлектеріне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараның мақсаты – жас мамандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беру.
Жәрмеңкені Екібастұз қаласының Мансап орталығы ұйымдастырды. Қатысушыларға бос жұмыс орындары ұсынылып, жұмысқа орналасу тәртібі мен «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысу талаптары түсіндірілді.
Екібастұз қалалық Мансап орталығы филиалы директорының міндетін атқарушы Салтанат Каленованың айтуынша, бағдарлама оқу орындарының түлектеріне мамандығы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
– Жалпықалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 20-дан астам жұмыс беруші шақырылды. Олардың қатарында «Rail Cast Systems», «Богатырь Көмір», «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС, «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ, «Екібастұз-Коммунсервис» ЖШС, «Energy Solution Center» компаниясы, Екібастұз жылу желілері және қала әкімдігінің бөлімдері бар. «Жастар практикасының» мерзімі 12 айдан аспайды. Қатысушылардың еңбекақысы мемлекет қаражаты есебінен төленеді. Қазіргі уақытта бағдарламашыларға, IT мамандарына, бухгалтерлерге, педагогтер мен медицина қызметкерлеріне сұраныс жоғары. Бағдарламаға қатысу үшін Мансап орталығына жеке куәлік пен білім туралы дипломды ұсыну қажет, – деді ол.
Жәрмеңке барысында кәсіпорын өкілдері бос жұмыс орындарын таныстырып, жұмысқа қабылдау тәртібін түсіндірді.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Екібастұз пайдалану локомотив депосының кадр маманы Жанар Кенжеғұлованың айтуынша, кәсіпорында электровоз және тепловоз машинисінің көмекшісі мамандығы бойынша бос жұмыс орындары бар.
– Кәсіпорын мен жергілікті оқу орындары арасында меморандум жасалған. Соның негізінде колледж түлектерін конкурссыз жұмысқа қабылдау қарастырылған. Қажетті құжаттарды рәсімдеуге кеңес беруге дайынбыз, – деді ол.
«Ангренсор Энерго» ЖШС-нің бас механигі кәсіпорынға автосамосвал жүргізушісі, гидравликалық экскаватор машинисі, бұрғылау станогының машинисі, тиегіш жүргізушісі және бульдозер машинисі қажеттігін тілге тиек етті.
– Кәсіпорында кадрларды толықтыру жұмыстары жалғасуда. Техникалық жаңғырту жұмыстарына байланысты тәжірибелі мамандармен қатар еңбек жолын енді бастаған жастарды да жұмысқа қабылдаймыз. Жәрмеңке барысында төрт үміткер тіркелді. Жұмысқа орналасуға ниетті азаматтарды Қонаев көшесі, 15 «Б» мекенжайындағы кадр бөліміне қажетті құжаттарымен келуге шақырамыз.
Айта кетейік, «Жастар практикасы» бағдарламасына соңғы үш жыл ішінде оқуын аяқтаған, дипломы бар және 29 жасқа дейінгі азаматтар қатыса алады. Бағдарламаға өтініш беру үшін Екібастұз қаласының Мансап орталығына (Энергетиктер көшесі, 62, 112-кабинет) жеке куәлік пен білім туралы дипломды ұсыну қажет.
Ділназ Серікбай










