Екібастұз қаласында Қазақстан Республикасы Конституциясының арнайы басылымын салтанатты табыстау рәсімі өтті. «Қайнар» бос уақытты қамту және білім беру кешенінде ұйымдастырылған іс-шараға қала әкімі Аян Бейсекин, кент және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен қала белсенділері қатысты.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын енгізіп, Мемлекеттік әнұранды орындаумен басталды.
Жиында сөз сөйлеген Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Конституцияның мемлекетіміздің орнықты дамуы мен азаматтардың құқықтарын қорғаудағы айрықша маңызына тоқталды.
– Бүгін – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи күн. Жалпыхалықтық республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. 15 наурызда өткен республикалық референдумда халқымыз жоғары азаматтық жауапкершілік танытып, ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдады. Екібастұз өңірінің тұрғындары да саяси науқанға белсенді қатысып, өз таңдауларын жасап, елдің келешегіне деген сенімі мен жауапкершілігін айқын көрсетті. Бұл – ел бірлігі мен халықтың ортақ мақсат жолындағы ынтымағының жарқын көрінісі. Жаңа Конституция еліміздегі ауқымды реформаларды жүзеге асырудың берік құқықтық негізін қалыптастырды. Ол заң үстемдігін нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және Қазақстанның одан әрі тұрақты дамуына бағытталған, – деді қала әкімі.
Салтанатты рәсім аясында Қазақстан Республикасы Конституциясының арнайы басылымдары қоғам өміріне белсенді үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа табысталды. Арнайы басылымдар қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраевқа, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Жасұлан Садвакасовқа, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазановқа, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары Дәурен Даутбаевқа, Екібастұз қаласының прокуроры Қанат Атығаевқа, Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергеновке және Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Асхат Құсайыновқа тапсырылды.
Ділназ Серікбай










