Халықтың әл-ауқаты артқан сайын меншікті жеңіл көлік саны да жылдан-жылға көбейіп келеді. Темір тұлпарлардың көп болуынан көше жолдарына түсетін жүктеме де еселеп өсіп, асфальт тозып, жаңалауды қажет етеді.
Осы орайда, биылғы жазда қала көшелеріне асфальт төсеу қарқын алып тұр. Әсіресе, Энергетиктер мен Естай Беркімбаев көшелері бойындағы биік үйлердің тұрғындары сөз болып отырған бағытта атқарылып жатқан ауқымды істерге куә болып, қуанышты күй кешіп жүр.
6 шілде күні ымыртта Естай Беркімбаев көшесі жолына асфальт төсеп жатқан мердігер – «Айтстрой» фирмасы жұмыскерлерімен сөйлесудің сәті түсті. Қыз-қыз қайнаған жұмыс үдерісі арасында мердігер фирма өкілі Асан Киреев былай деді:
– Ауа райы жұмысты өндіре істеуге қолайлы болып тұр. Соны пайдаланып жұмыскерлер мен техниканы түгелдей жұмысқа жұмылдырдық. Асфальттың сапасы жақсы. Былтыр күзде өзімізге асфальт зауытын сатып алып, іске қосқан едік. Мына көшеге екі қабат асфальт төселіп жатыр. Жалпы, М. Әуезов көшесінен №22 шағынауданға дейін көше асфальты тұтасымен жаңаланады. Тіптен, қалалық мешіт тұсында көше жолы кеңейтілді. Енді бірер күнде қос қапталдағы жаяу жүргіншілер жолына да асфальт төселеді. Қысқасы, ақын, әнші-сазгер Естай атындағы көше көріктеніп шыға келмекші.
Асан Киреевтің сөзіне қоса айтарымыз, көше бойында көлік тоқтайтын бірнеше орын қарастырылған. Сонымен қатар, жол мен тротуарлар арасындағы бос жерлер қиматаспен бөлінген. Бұл жерлер топырақ төгіп, ағаш пен гүл отырғызуға сұранып-ақ тұр.
Ж.Жәлелұлы










