Жылдан-жылға ерекше балалар санының артып бара жатқаны қоғамды алаңдатып отыр. Мемлекет те бұл мәселеге назар аударып, әлгіндей балаларға қамқорлықты күшейтуде. Соның бір жарқын көрінісі – Екібастұз қаласында №31 шағынаудандағы бұрынғы балабақша ғимаратын инклюзивтік балабақша етіп қайта жарақтау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жобаны «KAZ Minerals Bozshakol» компаниясы қаржыландыруда. Таяуда аймақ басшысы Асайын Байханов Екібастұз қаласында болып, жаңа оқу жылында тәрбиеленушілеріне есігін айқара ашатын мекемедегі жұмыстардың сапасын тексеріп, заманауи құрал-жабдықтармен жарақталуына айрықша көңіл бөлуді тапсырды.
Жалпы, Павлодар облысында кедергісіз орта қалыптастыру мен 2025-2030 жылдарға арналған Инклюзивтік саясат концепциясын жүзеге асыру жұмыстары жалғасын табуда. Бүгінгі күні аймақта ерекше қажеттілікті 30 мыңнан астам адам, соның ішінде 4,2 мың бала бар. Олардың бәрі әлеуметтік қолдауға ие, оңалту бағдарламаларын жүзеге асыру деңгейі 96 пайызды құрап отыр. Арнайы әлеуметтік қызмет 6832 адамға көрсетілуде.
Соңғы жылдары Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында 23 даму және ерте араласу орталықтары ашылды. Аймақта 35 арнайы білім беру ұйымы: балабақшалар, мектептер, коррекциялық кабинеттер мен орталықтар жұмыс істейді. Енді, міне, Екібастұз қаласында 140 орындық алғашқы инклюзивтік балабақша ашылғалы отыр. Ал Павлодар қаласында 130 орындық облыстық оңалту орталығын модернизациялау қолға алынды.
Айтпақшы, Екібастұздағы балабақшада инженерлік тораптар тартылып, терезелер орнатылып, ішкі жылу беру жүйесі жасалды. Қазіргі уақытта шатыр орнатылуда. Күзге қарай ерекше балалар жаңа қоныста бас қосып, тамаша сыйды сезінбекші.
Ж.Жәлелұлы










