26 маусым күні Екібастұз қалалық коммуникациялар қызметінде кезекті брифинг өткізілді. Брифингте сөз тізгінін ұстаған Екібастұз қаласы полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясы тобының мемлекеттік автоинспекторы Бекзат Жәкен мен патрульдік полиция ротасының взвод командирі Ерсін Азаматов әлеуметтік нысандар маңындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін ұйымдастыру туралы әңгімелеп берді.
Полиция қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, әлеуметтік нысандарға жалғасатын көше-жол торабы үнемі кешенді тексеруден өткізіліп тұрады екен. Ондағы мақсат – жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын мейлінше азайту. Ол үшін жаяу жүргіншілер өтпелерін дұрыс орналастыруға, жолдарға сызылған жолақтардың болуына және түнгі уақытта жарықтандырылуына айрықша мән беріледі. Оқу мекемелері маңында «Балалар», «Жаяу жүргіншілер өтпесі» жол белгілері орнатылып, жылдамдық шектеледі. Жыл басынан бері осындай 47 жол белгісі орнатылыпты.
Айтпақшы, жылдамдықты мәжбүрлі тежеу үшін жасанды жол кедергілерін жасау тиімді болып саналады. Осы орайда жүргізілген тексерулер нәтижесінде жергілікті атқарушы қызметтер атына анықталған кемшіліктерді жою, ескірген жол белгілерін ауыстыру, жолдағы жолақтарды жаңалау талап етілген нұсқамалар жіберіледі.
Жалпы, жыл басынан бері 56 тексеру жүргізіліпті. Осы тексерулер барысында жол қозғалысы қауіпсіздігі қатерін туғызған жағдайларға байланысты жол, коммуналдық және мердігерлік ұйымдар басшыларына әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты 20 хаттама толтырылып, анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзім ішінде жою талап етілген.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табуда. Жалпы, қаламызда жолдардағы жолақтарды жаңалау жұмыстары жүргізіліп, ол бүгінгі күні 75 пайызға жетіп отыр.
Ж.ЖӘЛЕЛҰЛЫ









