27-28 маусым күндері Кенжекөл ауылында көкпардан Павлодар облысының жастар арасындағы ашық чемпионаты жалауын желбіретті.
Ашық чемпионат болғандықтан, додаға Қарағанды мен Ақмола облыстарының көкпаршылары да қатысты. Ал Павлодар облысынан Ақкөл ауылының «Сайфуллах» командасы, Май ауданының екі командасы, сонымен қатар, Аққулы ауданы мен Кенжекөл ауылының командалары ойнады. Чемпионатты Павлодар облысының көкпар федерациясы ұйымдастырып, 2006-2008 жылдар аралығында туған бозбала жігіттер өнер көрсетті.
Топтық кезеңде ақкөлдіктер Май ауданының Саты Ата командасын 6:2 есебімен ойсырата ұтып, келесі ойында 5:5 есебімен қарағандылықтармен тең түсті. Осылайша, ақтық ойынға жолдама алды. Ақмола облысы көкпаршыларымен болған финалдық ойын текетірес өрбіп, екі жақ та есе жібергісі келмеді. Сөйтіп ойынның негізгі уақыты 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын бірінші салымға дейін жалғасты. Абырой болғанда, «Сайфуллах» командасының үздік шабуылшысы Диас Төлеу доданы жарып шығып, жеңіс салымын салды.
Облыстық жастар арасындағы чемпионаттың жеңімпазы атанған Екібастұз қаласы Ақкөл ауылының «Сайфуллах» командасына 500 мың теңге мөлшерінде жүлде табыс етілді. Екінші орынды Ақмола облысы, үшінші орынды Кенжекөл ауылының командалары иеленді.
Бұл жолғы чемпионатта ақкөлдіктерді жеңіске жетелеген Диас Төлеу екенін айрықша атап өткен жөн. Жас оғлан үш ойында жеке өзі 15 салым салып, ерекше көзге түсті. «Сайфуллах» командасын жарысқа ардагер көкпаршы әрі команданың жетекшісі Дәурен Жандарбеков бастап апарды.
Ж. ЖӘЛЕЛҰЛЫ












