Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Екібастұз қаласының әкімдігі өңір журналистеріне құрмет көрсетіп, салтанатты қабылдау ұйымдастырды. «Савои» мейрамханасында өткен мерекелік кездесуде бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері бас қосып, жылы лебіз бен марапаттарға ие болды.
Салтанатты шара барысында қала әкімі журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, қаланың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірін жан-жақты әрі сапалы насихаттауға қосып жүрген үлестері үшін алғыс білдірді. Ол жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта да бұл әріптестік жалғаса беретініне сенім білдірді.
Мерекеге орай белсенді азаматтық ұстанымы, адал еңбегі және кәсіби қызметтегі жетістіктері үшін бірқатар БАҚ қызметкері марапатталды. Сонымен қатар қала әкімі «Отарқа» және «Голос Экибастуза» газеттерінің редакцияларына, Екібастұз қалалық телеарнасына әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде грант табыстады.
Қала әкімінің Құрмет грамотасымен журналистер: Игорь Тимошенко, Гүлсана Медеубаева, Дария Досмағанбетова, корректор Раушан Иманшәріпова және бейнеинженер Руслан Хасинаев марапатталды. Ал қала әкімінің Алғыс хатына Екібастұз қалалық телеарнасының бейнеинженері Василий Аваргин, бас есепші Лариса Литвинчук, жүргізушісі Абай Шәкенов және «Екібастұз дауысы – ақпараттық орталығы» ЖШС-нің фототілшісі Дарина Тұрлыбекова ие болды.
Өз кезегінде қалалық мәслихат та ақпарат саласы қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалап, «Голос Экибастуза» газетінің бет қаттаушысы Зенфира Газизова мен фототілші Виктор Фадеевті Құрмет грамотасымен марапаттады.
Атап өтерлік жайт, мереке күні «Отарқа» газетінің тілшісі Ділназ Серікбай мен «Голос Экибастуза» газетінің тілшісі Полина Хаджибаева Қазақстан журналистер одағының Құрмет грамотасына ие болды.
Мерекелік марапаттау шарасы Екібастұз қалалық полиция басқармасында жалғасты. Басқарма басшысы Төлеген Құдайбергенов құқық қорғау органдары мен журналистердің қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы бірлескен жұмысына тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ризашылығын білдірді.
– Әрдайым бір-бірімізді қолдап, бірлесе еңбек етіп келеміз. Себебі мақсатымыз ортақ – қаламыздың тыныштығын сақтап, қоғамдық тәртіпті нығайтып, тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне үлес қосу. Бұл бағыттағы ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенемін, – деген Төлеген Айдарханұлы журналистерге марапаттар мен гүл шоқтарын табыстап, олардың қоғамдағы маңызды еңбегіне құрмет көрсетті.
Полиция басқармасының алғыс хатына «Екібастұз дауысы – ақпараттық орталығы» ЖШС құрылтайшысы Қанат Тұрлыбеков, директоры Айнұр Мейрамова, «Отарқа» газетінің редакторы Жанаргүл Қадырова, жауапты хатшысы Гүлсана Медеубаева, «Голос Экибастуза» газетінің редакторы Людмила Казанцева, жауапты хатшы Ксения Кобеляцкая, тілшісі Полина Хаджибаева, есепші Мақпал Ақтанова, Екібастұз қалалық телеарнасының редакторы Жанна Нұртаева, журналистері Динара Базарбекова, Роза Әлиакбарова, бейнеоператор Ғалымжан Бекетов, «Флагман Екібастұз» типографиясының директоры Динара Қадырова ие болды.
КЕНЖЕ ҚУАТ










