27-28 маусым күндері Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Павлодар облысының креативті жәрмеңкесі өтті.
Creative Aimaq – креативті индустрияларды дамыту қоры іске қосқан жоба, оның мақсаты – аймақтардың шығармашылық әлеуетін дамытып, отандық мәдени мұраны насихаттау. Бұл – Қазақстанның барлық өңірлері өздерінің творчестволық жобаларын, ерекше брендтерін, рухани бастамаларын паш ететін алаң, креативті кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған республикалық жоба.
Жоба шеңберінде көрмелер, шеберлік сыныптары, мәдени бағдарламалар, жергілікті өндірушілердің тұсаукесерлері ұйымдастырылады.
Атап өтерлік жайт, Павлодар облысының креативті жәрмеңкесі астаналықтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Жәрмеңкені Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аралап, өңірдің креативті әлеуетімен танысты. Екі күннің ішінде жәрмеңкеге 4500 адам келді.
Көпшілік назарына ұсынылған экспозиция халық шеберлерінің, суретшілердің, креативті индустрия саласында еңбек етіп жүрген шағын бизнес өкілдерінің басын қосты. Келушілер назарына аймақтық өндірушілердің қолынан шыққан сәндік қолданбалы өнер туындылары, ұлттық қолөнер бұйымдары (құрақ көрпе), былғары өнімдер, авторлық картиналар, кәдесыйлар, ұлттық тұрмыстық бұйымдар ұсынылды.
Алғашқы екі күннің ішінде жәрмеңкеде жалпы сомасы 5 миллион теңгеге жуық өнім сатылды: бұл жұртшылықтың отандық өнімге деген қызығушылығының, өңірлік брендке сұраныстың және жәрмеңке форматының креативті индустрия құралы ретіндегі тиімділігінің көрінісі деп бағалауға болады.
Жәрмеңке аясында жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтің «Я знаю!» кітабының таныстырылымы, «Ертіс пен Есіл арасы» музыкалық-поэзиялық кеші және танымал қолөнер шеберлері мен дизайнерлер: республикалық «Urshyk» қолөнершілер ұйымының өкілі Гүлназия Жүсіпбаева, ұлттық аспап шебері Талант Тежекенов, зергер Ольга Ловина, «Maison Du Croc» брендінің негізін қалаушы Ярослав Жуляблин, «Raastie» шеберханасының жетекшісі Расиля Латыпова, сондай-ақ, «V.Sultan» брендінің негізін қалаушы Виктория Султанова шеберлік сабақтарын өткізді.
Ал Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі Астана жұртшылығын цифрлық форматтағы «Жаңғырған тарихи мұра» атты көшпелі көрмемен таңғалдырды. Көрмеге Алаш қайраткерлері: Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысал» кітабының түпнұсқасы, Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» кітабының түпнұсқасы, Жүсіпбек Аймауытұлының «Қартқожа» кітабының түпнұсқасы цифрландырылған нұсқада қойылды.
Креативті жәрмеңкеден ақындар да сырт қалған жоқ: С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен поэзия керуені тізгінін Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Еламан Қабдыләшім қолға алып, Алпысбай Хонж, Перизат Құрманәлі, Рамазан Бауыржан, Өзгеріс Қуанар, Абзал Рымбек сынды ақындар өлең оқыды. Елордалық ақындардан Толқын Қабылша, Назгүл Бердіқожа, Батырхан Сәрсенхан, Қарлығаш Қабай да кеш төрінен табылып, поэзияға құштар көрерменді жыр кәусарынан сусындатты.
Ж.ӘБДІКӘРІМ










