Мемлекет қолдауын сезінген біраз жылдан бері өңірдегі шаруа қожалықтары техника паркін үсті-үстіне жаңалап жатыр. Мәселен, маусым айы ішінде Екібастұз ауылдық округінің шаруалары «КазАгроФинанс» АҚ арқылы су жаңа ауыл шаруашылығы техникаларына қол жеткізді.
Атап айтқанда, Төртүй ауылында Жақсыбек Ахметовтің «Жанель» шаруа қожалығы «МТЗ-952» маркалы екі жаңа трактор мен пішен тайлағыш, Сабыржан Әменовтің «Арман» шаруа қожалығы пішен тайлағыш, шалғы мен тырмалауыш, «АБИ» шаруа қожалығы мен Тай ауылындағы «Асайыновтар» шаруа қожалығы «МТЗ-82» тракторын сатып алып, игілікке жаратқалы отыр.
– Лизинг шартына сай жаңа техникаға өтінім жасағандар әуелі оның құнының 15 пайызын төлеп, содан соң жаңа техниканы кепілге қояды. Алайда техника қолға тиген соң мемлекет оның құнының 30 пайызын субсидия арқылы қайтарады. Яғни, шаруа қожалықтары үшін бұл тиімді, – дейді Жанат Ибраев – Екібастұз ауылдық округінің әкімі.
Айтпақшы, сөз болып отырған ауыл шаруашылығы техникалары Семей мен Қостанай қалаларында құрастырылады екен.
Қазіргі уақытта шаруалар қысқы мал азығын әзірлеу науқанына дайындық үстінде. Ауыл әкімінің айтуынша, биыл көктемде Өлеңті өзенінің суы тасып, Қаражар, Талдықамыс пен Көксиыр ауылдарының өлкелерінде шөп бітік көтеріліпті.
Ал төртүйліктер жылдағыдай көлтабанды шабындықтарға үміт артып отыр. Осы орайда, жыл сайын жаңаланып жатқан ауыл шаруашылығы техникасының мал азығын жеткілікті мөлшерде әзірлеп алуға тигізетін септігі мол.
Ж.БҰЛАНБАЙ










