Таяуда Екібастұз қалалық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтіп, жария тыңдау тәртібінде өткен отырыста экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева жекешелендіруге ұсынылатын мүлік нысандарының тізбесі туралы баяндады.
– Қазақстан Республикасының заңнамаларына енгізілген өзгеарістерге байланысты, ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 18-бабына, ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес міндетті жария тыңдау өткізе отырып облыстық маңызға ие қаланың жергілікті атқарушы органы мүліктік кешен ретіндегі аудандық коммуналдық мүлік, сондай-ақ, кәсіпорындарды жекешелендіру туралы шешім шығарады. ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 13-бабы шеңберінде тұрақты комиссиялар өз бастамаларымен, мәслихат шешімімен немесе ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 17 және 18-баптарымен бекітілген жағдайларда жария тыңдаулар өткізеді. Осыған байланысты қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысына қосымшаға сәйкес жекешелендіруге жататын коммуналдық мүлікті сату мәселесін ұсынамыз. Тұрақты комиссия назарына ұсынылып отырған гараждар Екібастұз қалалық сотының 2024-2026 жылдардағы шешімдерімен иесіз және Екібастұз қаласының коммуналдық меншігіне өтті ден танылған, – деп нақтылады Салтанат Қойшыбайқызы.
Бөлім басшысының айтуынша, коммуналдық мүлікті сату ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына және ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы №920 Қаулысымен бекітілген Жекешелендіру нысандарын сату қағидаларына сәйкес e-qazyna.kz веб-порталы арқылы жүргізіледі. Жекешелендіру нысандарының бастапқы бағасы баланс ұстаушылардың бухгалтерлік анықтамалары мен құнды бағалау есебі негізінде анықталады. Жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаның сауда-саттыққа қатысу үшін енгізетін кепілдік жарнасы жекешелендіру нысанының бастапқы құнының он бес пайызын құрайды. Аукцион екі әдіспен: бағаны көтеру және бағаны түсіру арқылы жүргізіледі.
Сауда-саттыққа ұсынылған мүлік тізбесінде «За рулем» тұтынушылар кооперативінде орналасқан №1199 гараж, Қонаев даңғылында орналасқан ауданы 428 шаршы метр гараж бен оған жапсарлас салынған ауданы 8,5 шаршы метр құрылыс, «Полигон ЭК» аумағындағы бұзылған металл құбырлар, Әлкей Марғұлан көшесіндегі металл қоршау, тағы басқа нысандар бар.
Депутаттар ұсынылған тізбені бірауыздан мақұлдап, пайдаланылмайтын активтерді іске асыру қалалық бюджетке қосымша түсімдердің түсуіне ықпал ететінін атап өтті.
Ж.АЙТЫШ









