Жақында қаламызда өңіраралық семинар-кеңес өтіп, іс-шараға еліміздің әр өңірінен мәслихат депутаттары жиналды. «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында өткен кездесуге қала әкімі Аян Бейсекин қатысты.
Семинарда сөз алған қала басшысы Екібастұз қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын таныстырып, жетістіктерін бөлісті.
– Қаланың даму жоспары табысты жүзеге асып келеді. Соның нәтижесінде моноқалалар қатарынан алға шықтық. Өнеркәсіп өндірісінде де оң динамика байқалып, былтырдан бері бірнеше өнеркәсіп іске қосылды. Қазіргі кезде МАЭС-3 құрылысын талқылаудамыз. Ауыл шаруашылығын ілгерілету де жолға қойылған. Картоп қажеттілігін толық өтеп, жылыжай кешенін кеңейтіп жатырмыз, – деді қала басшысы өз сөзінде.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Екібастұзда деректерді өңдеу орталығы алқабы (ДӨОА) салынып жатқаны белгілі. ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов бүгінде барлық мемлекеттік органдардың деректері Астанада бір деректерді өңдеу орталығында сақтаулы екенін айтқан болатын. Орталықтың қуаттылығы – 6 мегаватт. Екібастұзда салынғалы жатқан орталықтың арқасында алдағы жылдың алғашқы жартысында-ақ 125 мегаваттық деректерді өңдеу орталығын іске қосу жоспарланып отыр.
Деректерді өңдеу орталығын салу барысы туралы қойылған сұраққа Аян Уахитұлы жауап беріп, мұның аса ауқымды жоба екенін, бүгінде жоспарланған учаске қоршалып, жерді дайындау жұмыстары басталғанын айтты. Жобаның жалпы құны – шамамен 30 млрд. доллар.
Деректерді өңдеу орталығы алқабындағы жұмыстар 2033 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Жоба толық іске қосылғанда оның жалпы қуаты 1 ГВт-қа жетіп, жалпы заманауи 10-ға дейін деректерді өңдеу орталығы орналастырылады деп күтілуде.
Қонақтар қала басшысынан тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатқанын да сұрады.
Бүгінде қаламызда 700-ден аса көпқабатты тұрғын үй бар. Модернизациялау бағдарламасына жыл сайын 10-15 үйге дейін қатысуда. Жыл сайын аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 200 млн. теңгедей қаржы бөлінеді. Бюджет жағдайына қарай көпқабатты тұрғын үйлердегі лифтілерді 3-4 жылда толық ауыстыру жоспарланған.
Келесі кезекте Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко сөз алып, Екібастұз қаласының әлеуеті зор екенін, әкімдік пен мәслихат бірігіп нәтижелі жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Содан соң қалалық мәслихат төрағасы Нияз Макраевты мерейтойымен құттықтап, облыс әкімінің алғыс хатын табыстады.
Нияз Құдайбергенұлы мәслихат құрамындағы тұрақты комиссияның көп іс атқарғанын айтып, құрылымымен таныстырып, алға қойылған мақсат-мүдде туралы айтты.
– Екібастұз – еңбек пен бірліктің символы. Біздің қаламыз – Қазақстанның индустриялық жүрегі. Әйтсе де басты байлығымыз – оның еңбекқор да тату халқы. 2022 жылдың қысындағы жойқын жылу апаты кезінде Екібастұз жұртшылығы нағыз ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. Сол бір сындарлы уақытта бүкіл Қазақстан халқы бізбен бірге болды. Қиын сәтте қолұшын созып, апат салдарын жоюға атсалысқан барлық өңірлерге, бүгін арамызда отырған мәртебелі қонақтарымыз бен әріптестерімізге қала халқының атынан шексіз алғысымды білдіремін. Біз басқа өңірлердегі әріптестерімізбен тәжірибе бөлісуге әрқашан дайынбыз. Мақсатымыз – ел көлемінде мәслихаттардың беделін арттыру, – деп бастады сөзін мәслихат төрағасы.
Екібастұз қалалық мәслихаты заман талабына сай басқарудың жаңа форматына көшуде. Депутаттық корпустың жұмысы барынша ашық әрі халыққа қолжетімді. Тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату мақсатында әлеуметтік желілер мен заманауи цифрлық платформалар белсенді қолданылады.
Қалалық мәслихат депутаты Еркін Құсан жастар мәслихаты туралы айта келіп, өңірде жастар саясатының белсенді жүзеге асып жатқанына дәлел келтірді.
Семинардан соң делегация мүшелері өңірдегі стратегиялық маңызы бар бірқатар кәсіпорынды аралады. Соның ішінде еліміздегі ең ірі электр станцияларының бірі – «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» ЖШС, әлемдік металлургия саласындағы жоғары технологиялы кәсіпорындардың бірі – EkibastuzFerroAlloys ЖШС, теміржол дөңгелектерін шығаратын өндіріс орны – «Проммашкомплект» ЖШС және ашық әдіспен көмір өндіретін кен орны – «Богатырь Көмір» ЖШС қызметімен танысты. Аталған кәсіпорындарда қонақтарға жұмыс барысы көрсетіліп, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар, жаңа технологиялар мен кәсіпорындардың даму перспективалары таныстырылды. Оған қоса өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері және алдағы жоспарлары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Семинар-кеңес қорытындысында қала әкімі, қалалық мәслихаттың төрағасы және өңірлерден келген қонақтар өзара естелік сыйлықтарын алмасты.
ГҮЛСАНА МЕДЕУБАЙТЕГІ











