Екібастұзда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шығармашылық және кәсіпкерлік әлеуетін қолдауға бағытталған «Мүмкіндіктер аумағы» атты кездесу-жәрмеңкесі өтті. Екібастұз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі ұйымдастырған іс-шара ерекше жандардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға, олардың шығармашылық және кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға, сондай-ақ, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
Жәрмеңкеге әлеуметтік жобалардың жетекшілері, қолөнер шеберлері, кәсіпкерлер, спортшылар және шығармашылықпен айналысатын азаматтар қатысып, өздерінің еңбегі мен жетістіктерін таныстырды.
Шара барысында бөлім басшысы Зейнеп Жақсыбаева мұндай кездесулердің қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.
– Бүгінгі кездесудегі қатысушылардың әрқайсысы өз еңбегімен, табандылығымен және жетістіктерімен қоғамға үлгі болып келеді. Біздің мақсатымыз – ерекше жандардың шығармашылық және кәсіпкерлік бастамаларын қолдап, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру. Осындай кездесулерді алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіп, қатысушылар қатарын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді бөлім басшысы.
Жәрмеңкеде таныстырылған бастамалардың ішінде ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдауға бағытталған әлеуметтік жобалар ереше назар аудартты. Солардың бірі – «Ресурстық ана» жобасы. Оның жетекшісі Марал Бекбергенова ерекше балалардың аналарына психологиялық қолдау көрсетеді.
– Біз Павлодар облысындағы аналармен жүйелі жұмыс жүргіземіз. Форумдар, клубтық кездесулер, тренингтер ұйымдастырамыз. Себебі әр отбасының берекесі ең алдымен ананың жан дүниесінің тыныштығына байланысты. Ана өзін жақсы сезінсе, бала да өзін қауіпсіз әрі бақытты сезінеді. Сондықтан біздің жұмысымыздың негізгі бағыты – аналардың ішкі үйлесімін сақтауға көмектесу, – деді ол.
Ерекше балалар мен олардың отбасыларын қолдауға бағытталған тағы бір бастама – «Жарқын жүрек» жобасы. Оның жетекшісі – ерекше баланың анасы Әсем Дәрігерхан балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған жұмыстар туралы айтып, олардың сахна мәдениетін қалыптастыруға, өнер арқылы өздерін еркін көрсетуіне жағдай жасау басты мақсат екенін жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта ерекше балалардың шығармашылығын дамыту мақсатында фотостудия ашу жоспарда бар екенін атап өтті.
Кездесу барысында өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың еңбегі де көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында аяқ киім жөндеумен айналысатын Фаниль Каримов, тігіншілікті кәсіпке айналдырған Қайрат Қабыржанов және техникалық оңалту құралдарын жөндеп, кресло-арбаларды қалпына келтірумен айналысатын Серік Текебаев болды. Олардың әрқайсысы өз кәсібін табыс көзіне айналдырып, қоғамға қажетті қызмет көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың да еңбек нарығынан өз орнын таба алатынын дәлелдеп келеді.
Жәрмеңкеде ұйымдастырылған қолөнер көрмесі де келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды: бисерден тоқылған гүлдер, қолдан жасалған ойыншықтар, сәндік композициялар мен кәдесыйлар. Көрмеде бірінші топ мүгедектігі бар, көру қабілеті бұзылған Людмила Гандраман мен бала кезінен қолөнермен айналысып келе жатқан Ирина Крембильдің де жұмыстары болды. Сонымен қатар, «Өмір» оңалту-техникалық орталығының қатысушылары әзірлеген қолданбалы өнер туындылары да көпшіліктің жоғары бағасына ие болды.
Өз өмірінен сыр шерткен Людмила Гандраман қолөнердің оған жаңа өмір сыйлағанын жасырмады.
– Көру қабілетін жоғалтқан кезде өмір тоқтап қалғандай көрінді. Бірақ уақыт өте келе өзімді жаңа қырымнан таныдым. Қазір жасаған әр бұйымым адамдарға қуаныш сыйласа, соған қуанамын. Ең бастысы – ешқашан мойымау, – дейді қолөнерші.
Шара барысында спорт саласында жоғары жетістіктерге жеткен ерекше жандардың табыстары да таныстырылды. Олардың қатарында парапауэрлифтингтен, жеңіл және ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Оксана Анатольевна, көру қабілеті мен тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасындағы халықаралық жарыстардың жүлдегері Медет Асылханов, сондай-ақ, спорт пен шығармашылықты қатар алып жүрген Ерғанат Қалымжанов болды. Ерғанат үстел теннисі, шаңғы, винтовка және садақ атумен айналысып қана қоймай, гитарада ән айтып, түрлі қолөнер бұйымдарын жасаумен де шұғылданады.
«Мүмкіндіктер аумағы» жәрмеңкесі әр адамның бойындағы қабілет пен таланттың ешқандай шектеуге бағынбайтынын тағы бір мәрте айқын көрсетті. Еңбекке деген құлшыныс, табандылық пен өмірге деген сенімнің арқасында ерекше жандар қоғамның белсенді мүшесі ретінде өз орнын қалыптастырып, өзгелерге үміт сыйлап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып келеді.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ












