Екібастұздағы ең сүйікті демалыс орындарының бірі – «Шахтёр» саябағында жазғы маусымның ашылуына арналған ауқымды мерекелік бағдарлама өтті. Екі күнге созылған мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларға жүздеген қала тұрғыны қатысып, жаңарған демалыс орнының жаңа келбетімен танысты.
Жаңарған «Шахтёр» саябағындағы өзгерістер бірден көзге түседі. Кең серуен жолдары, заманауи орындықтар, көгалдандырылған аумақтар, жайлы демалыс аймақтары мен жаңа инфрақұрылым тұрғындардың тынығуына өте қолайлы. Жоба аясында алдағы уақытта мұнда роллердром, скейт-парк, воркаут және баскетбол алаңдары, балалар ойын аймақтары, құрғақ субұрқақтар, мұз айдыны және басқа да нысандар пайдалануға беріледі.
Мерекенің алғашқы күні саябақтың жаңа жазғы сахнасында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Кештің шымылдығын «Грация» би ансамблі мен «Нұршашу» халықтық үлгілі ансамблінің бишілері ашты. Одан кейін «Достық үйінің» өнерпаздары Регина Козыкова мен Лейла Сейсенбаева әсем әндерін тарту етіп, «Серпантин» спорттық-бал биі клубының аға буын бишілері өздерінің әсерлі қойылымдарымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар екібастұздық өнерпаздар Алтынгүл Бақытхан мен Жанель Айткешева қазақ эстрадасының танымал әндерін орындаса, «Самұрық» және «Нұршашу» ансамбльдері ұлттық және заманауи хореографияны ұштастырған би қойылымдарын ұсынды.
Концерттің қорытынды бөлімінде Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының өнерпаздары өнер көрсетті. Филармония әншілері Мұқатай Алмас, Айбар Ашкеев, Жібек Айтбаева және Серік Рысбектің орындауындағы әндер мерекелік кештің ажарын аша түсі.
Мерекенің екінші күні спорт пен белсенді демалысқа арналды. Қала тұрғындары асық ату, садақ ату, армрестлинг және гир спорты бойынша бақ сынап, спорттық эстафеталарға қатысты. Балалар арасында асфальтқа сурет салу байқауы ұйымдастырылып, жас қатысушылар өз шығармашылықтарын паш етті. Ұлттық ойындар мен түрлі спорттық сайыстарға қатысқан тұрғындар демалыс күнін көтеріңкі көңіл күймен өткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта «Шахтёр» саябағында тұрғындардың бос уақытын мазмұнды өткізуге бағытталған мәдени және спорттық жобалар жүзеге асады. Енді әр жұма сайын мұнда ашық аспан астында кино көрсетілімдері ұйымдастырылып, сенбі күндері концерттік бағдарламалар мен шығармашылық кештер өтеді. Ал жексенбі күндері тұрғындар спорттық жарыстарға, отбасылық эстафеталарға және бұқаралық спорттық ойындарға қатыса алады. Аумағы шамамен 26 гектарды құрайтын «Шахтёр» саябағы – облыстағы ең ірі демалыс орындарының бірі. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде бұл аумақ тұрғындардың мәдени демалысы мен белсенді өмір салтын ұштастыратын заманауи қоғамдық кеңістікке айналып келеді.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ












