Мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету. Осы орайда елімізде азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, тұрмысы төмен отбасыларды қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
Бұл бағыттағы маңызды тетіктердің бірі – мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (АӘК). Бұл көмек аз қамтылған отбасылардың табысын арттырып, олардың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сонымен қатар, босқындарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға да беріледі.
Азаматтарды қолдау бағдарламасы туралы Екібастұз қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Зейнеп Жақсыбаева әңгімеледі:
– АӘК тек қаржылай қолдау ғана емес, бұл – азаматтарды еңбекке ынталандыратын әлеуметтік бағдарлама. Сондықтан еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуы міндетті шарт ретінде белгіленген. Көмек алуға өтініш білдіргендер тұрақты немесе уақытша жұмысқа, әлеуметтік жұмыс орындарына орналасуы тиіс. Сондай-ақ, кәсіптік мамандық алуына мүмкіндік беріледі. Бұл азаматтардың алдағы уақытта мемлекеттік көмекке тәуелді болмауына жағдай жасайды.
Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде еңбекақы, көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақылар, мүгедектігі немесе асыраушысынан айырылуына байланысты, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер, алименттер, кәсіпкерлік қызметтен түсетін 25 АЕК-тен төмен емес табыс және заңнамада көзделген өзге де кірістер есепке алынады.
Биылғы жылы атаулы әлеуметтік көмек кедейлік шегі медиандық табыстың 35 пайызы деңгейінде, бірақ өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болмайтын мөлшерде тағайындалуда. Павлодар облысы бойынша 2026 жылдың екінші тоқсанында кедейлік шегі 47 724 теңге деп есептелді (медиандық табыстың 35%-ы – 136354 теңге).
Мемлекет аз қамтылған отбасылардағы балаларды қолдауға да ерекше назар аударып келеді. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайын 1,5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша төлем беріледі. Биыл бұл төлемнің мөлшері 6 488 теңгені құрап отыр.
АӘК тағайындау рәсімі ашық жүргізіледі. Учаскелік комиссиялар отбасының материалдық жағдайын FSMsocial мобильдік қосымшасы арқылы зерттейді. Бұл жүйеде өтініш берушінің тұрғылықты жерінің геолокациясы тіркеліп, фотофиксация жүргізіледі. Мұндай тәсіл мемлекеттік көмектің нақты мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз етеді.
Өтініш берушілер ұсынылған мәліметтердің дұрыстығына заң алдында жауап береді. Егер отбасының әлеуметтік жағдайына немесе табысына әсер ететін өзгерістер орын алса, олар туралы он жұмыс күні ішінде Мансап орталығына хабарлау қажет.
Атаулы әлеуметтік көмек алу құқығы әр тоқсан сайын қайта расталады. 2026 жылдың үшінші тоқсанына өтініштерді қабылдау 1 шілдеден басталды.
Жыл басынан бері мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға 838 отбасы өтініш білдірген екен. Нәтижесінде 402 отбасына АӘК тағайындалды. 395 отбасының өтініші заңнама талаптарына сәйкес қанағаттандырылмады. Оның ішінде 262 отбасының табысы белгіленген шектен жоғары болып шығыпты, 32 жағдайда учаскелік комиссияның қорытындысы негізге алынған. 16 өтініш иесі табысты жасырмақ болған. 85 отбасы өз еркімен бас тартты. Қазіргі уақытта 41 өтініш қаралуда.
Үстіміздегі жылы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 445,5 миллион теңге қаржы бөлінді. 1 маусымдағы жағдай бойынша 402 отбасына 122,3 миллион теңге төленген.
– Соңғы жылдардағы көрсеткіштер мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтар санының біртіндеп азайып келе жатқанын көрсетеді. Айталық, биыл 1 маусымға дейін 402 отбасыға 122,3 миллион төленсе, 2025 жылдың салыстырмалы кезеңінде 493 отбасыға 130,7 миллион төленген. Ал 2024 жылдың салыстырмалы кезеңінде 613 отбасы әлеуметтік көмек алатын. Мұның бәрі – халықты жұмыспен қамтудың, табысын арттырудың, яғни, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың тиімділігінің нәтижесі, – дейді бұл туралы бөлім басшысы Зейнеп Жақсыбаева.
Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтінішті Мансап орталығына барып (Энергетиктер көшесі, 62, 112-кабинет) немесе eGov Mobile электрондық үкімет порталы, Halyk Bank және Kaspi мобильді қосымшалары арқылы онлайн беруге болады. Мемлекеттік қызмет 15 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.
КЕНЖЕ ҚУАТ









