24 маусым күні «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған «BIRGEMIZ EKB» әлеуметтік жобалар байқауының жеңімпаздарымен кездесу өтті. Жиынға қала әкімі Аян Бейсекин, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар көшбасшылары мен жоба жетекшілері қатысты.
Кездесу барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бастамалар талқыланып, жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына бағытталған жұмыстар таныстырылды.
Жиында сөз сөйлеген қала әкімі жастар бастамаларын қолдау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы әрдайым әділетті қоғам құрудың негізі белсенді азаматтық ұстаным, жауапкершілік пен адал еңбек екенін айтып келеді. Бүгінде жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» тұжырымдамасы да осы құндылықтарды қоғамда орнықтыруға бағытталған. Бүгін қолдау тапқан жобалар – сол мақсаттардың нақты көрінісі. Олардың бірі адам өмірін сақтауға және еріктілер қозғалысын дамытуға бағытталса, енді бірі ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларына қолдау көрсетуді көздейді. Сондай-ақ жастарды зиянды әдеттерден қорғау, салауатты өмір салтын насихаттау және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған бастамалар да бар. Мұндай жобалар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешіп қана қоймай, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді, – деді қала басшысы.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Еркін Құсан байқаудың барысы туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, жоба Қазақстан Республикасының 2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда.
Биыл байқаудың жалпы гранттық қоры 4 миллион теңгені құрады. Нәтижесінде сегіз үздік жобаға 500 мың теңгеден қаржылай қолдау көрсетілді. Байқауға Екібастұз қаласы мен ауылдық аймақтардан жиырмадан астам өтінім түскен.
Қолдау тапқан жобалардың қатарында жоғалған адамдарды іздеуге бағытталған «Өмір уақыттан қымбат» жобасы, жастар арасында әлеуметтік маңызды мәселелерді шығармашылық форматта көтеретін «REAL» әлеуметтік-музыкалық жобасы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Сезінемін. Қозғаламын. Дамимын» жобасы бар.
Сонымен қатар аутизм спектріндегі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсетуге арналған «Ортадан қадам басу – Шаг из круга» және жас аналарға психологиялық көмек көрсететін «Ресурсты ана» жобалары да жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Жастар арасында лудомания мен нашақорлықтың алдын алуды көздейтін «Өмірді таңдау» жобасы аясында ақпараттық-түсіндіру кездесулері, интерактивті сабақтар мен спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Экологиялық бағыттағы бастамалар да назардан тыс қалған жоқ. Әлкей Марғұлан ауылындағы эко-волонтерлер қозғалысын дамытуға арналған жоба табиғатты қорғауды көздесе, «Шідерті бассейнінің экожүйесі» жобасы өңірдің су ресурстарының жай-күйін зерттеуге бағытталған.
Байқау жеңімпаздарына арнайы сертификаттар табысталды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, барлық жобалар 2026 жылдың 10 қазанына дейін жүзеге асырылады.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ












